Құрылыс сәулетті, делдал дәулетті. Ал жұмысшы ақшасын ала алмай неге қиналады?

Құрылыс сәулетті, делдал дәулетті. Ал жұмысшы ақшасын ала алмай неге қиналады?

Әр жылы тамыз айының алғашқы жексенбісінде құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл күн – олар үшін мереке. Бірақ осы әсерлі күнді мәнді қылып өткізгісі келгенімен, айлығын ала алмай қиналып жүргендердің бары қынжылтады. Бұл мәселе әлі күнге ушығып тұр. Бәрі уақытында шешіледі, жалақы беріледі дейтіндер, айтқан уәдеде тұрмай, біреудің еңбегін қанап, дер кезінде еңбекақысын санап бермеу фактілері азаяр емес...

Айлықты уақытында немесе мүлде бермеу сыбайлас жемқор­лық, ортада мердігер болып бірне­ше компанияның жүруінен орын алады.

2019 жылдың ақпан айында Ақ­төбе облысы Шалқар ауданы­ның Бершүгір ауылындағы қиыр­шық тас шығаратын зауыт жұмыс­шы­лары жалақысын әлі ала алмай жүр­міз деп наразылық танытып, об­лыс әкімдігінен көмек сұраған бо­­­латын. Инвестордың жұмыс­шы­лар­ға берешегі 44 миллион теңгені құ­ра­ған. Сол кезде облыс әкімінің орын­басары Қайрат Бекенов ин­вес­тор өз міндетін толық орын­да­ма­са келісімшартты үзетінін мә­лім­­деген болатын. Арада алты ай өт­кенімен «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысшылар алдын­да­ғы қарызы өтелмеген. Жоспар­дан тыс жеті тексеру жұмысы жүр­­гізіліп, анықталған заңбұзушы­лық­тарды жою үшін нұсқау беріл­ген. Оларға қатысты әкімшілік іс қоз­ғалып, 2,4 млн теңгеге айыппұл са­лынған. Жүргізілген жұмыстың нә­тижесінде 64 қызметкерге 6,4 млн теңге төленгенмен, бүгінгі кү­ні кәсіпорынның 100 қызметкер ал­дындағы жалақы қарызы 44 млн тең­гені құрайды.

Ал ақпанда Алматыда психо­нев­рологиялық интернаттың кір­пі­шін қалап, сыртын әктеп-сыр­ла­ған құрылысшылар жарты жыл­дан бері маңдай тер ақыларын ала ал­май сабылып жүргенін айтып, бі­раз мекеменің есігін қағып, та­бан­дарын тоздырған болатын. Мер­дігер компания 400-ге жуық жұ­мысшыға 40 миллион теңге бере­шек болып қалған. Сол кезде «құр­ғақ уәдеге тойдық» деген құ­ры­лысшылар ақыл-есі кеміс бала­лар­ға арналған интернаттың құры­лысын тоқтатып та тастаған еді.

Қаржы қолдарына тимей қи­нал­ған құрылысшылар компания­ның кеңсесіне баса-көктеп кіріп, өз ақшаларын талап еткен.

Бұл жерде де сол бір компания­дан екінші фирма делдал болып, құры­лысты жүргіземіз деп сертте­сіп, жұмыс істеген. Арты осылай со­зылып кеткен.

Екі мердігер компанияның те­кетіресінен қарапайым құры­лыс­шы­лар сабылып, жарымжан бала­лар жаңа мекемеге кіре алмай біраз уақыт сенделіп қалғаны да бар еді.

Көбінесе Еңбек инспекторлары іс­ке араласқанда ғана жалақы беру­ді қолға ала бастайтын ком­па­ниялар жетіп артылады. Мысалы, Алматыда көпір құрылысында жұ­мыс істеп жүрген жиырмаға жуық жұмысшы наразылық біл­дір­ді. Қазақстандық «МО-25 Мос­тоот­ряд» компаниясының Алма­ты­да­ғы жұмысшылары жеті-сегіз ай­дан бері айлық алмаған. Ком­пания кеңсесіне жиналғандардың ішінде прораб, слесарь, жүргізуші мен асфальт төсеушілер бар. Ком­па­нияда слесарь болып жұмыс іс­тейтін Бекболат Биделов соңғы рет былтыр қараша айында айлық алға­нын айтты. «Содан бері ақша жоқ. Менің бес балам бар. Отба­сым­ды туған-туыстан қарыз алып ба­ғып отырмын» дейді ол. 15 шіл­деде басшылықпен жолыққан. Еңбек инспекторлары араласқан кез­де ғана басшылары «айлық­та­рың­ды бүгін береміз» деп уәде ет­кен.

Астанада да көпір салып жат­қан жұмысшылар 9 айдан бері жа­­лақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар ереуілге де шықты. «Үйге кіруге де ұяламыз бала-ша­ға­мыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде». Айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осы­лай деп зар иледі. Таң атысымен олар жан-жақтан жиналып, құры­лыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін. Шиеленіскен жағдайға Бас мем­лекеттік еңбек инспекторы ара­ласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен тоғыз ай тыпыр етпеген жұ­мыс беруші, сол күні ақша аударуға дайын болып шыққан. «Бухгал­те­рияға осы жиналған жұмысшылар­дың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жа­лақы шоттарына аударылады» деп жібіп қалған жоба жетекшісі Алек­сандр Попов ағынан жарыл­ды. Тізім бойынша 26 адам ғана. Ал айлығын ала алмай, ауылына қай­тып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күн­дері олардың да еңбекақысын бе­реміз деп отыр.

Міне, осылай маңдай терімен тап­қан ақшасын ала алмай жүр­ген­дер әлі күнге дейін жетерлік. Бұл көбіне ауызша келісімнің кесірінен орын алуда. Олай болса қандай жұ­мысқа кіріссеңіз де, екіжақты ке­лісімшартқа отырған дұрыс. Сол жағ­дайда ғана сіздің сөзіңіз өтімді бо­лады.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ