Нұр-Сұлтан қаласында 1700-ден астам белсенді жастар Jastar keryeni жобасының ашылуына байланысты өткен слетте бас қосты. Бұл слетке Қазақстанның барлық аймағынан 16-29 жас аралығындағы белсенді, білімді және дарынды жастар қатысты. Жастар қызыға да құлшына тындап, еліте билейтін қазақ эстрадасында өз орны бар Raim&Artur, Мирас Жүгінісов, заманауи рэп-әнші – Rick0407, ди-джей – DJ Angel кеш көрігін қыздырды. Сонымен қоса, кеште театралды және музыкалық қойылымдар, неондық шоу орындалды.
«Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ Жастар жылының және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Jastar keryeni республикалық жобасын іске асыруды бастап кетті. Jastar keryeni жобасының басты мақсаты – Қазақстан жастарының бірлестігі мен ішкі туризмді дамыту идеологиясы, Отанын сүю екені белгілі.
«Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі әрі ең ірі туристік жоба. Мақсаты – жастар арасында ішкі туризмді насихаттай отырып, облыстар арасындағы интеграцияны нығайту. Қазіргі таңда Қазақстанның жастары ашық әрі жігерлі, жаңашылдыққа құмар. Міне, осы ретте Қазақстан жастары өз ауылдастарымен ғана емес, түкпір-түкпірдегі құрдастарымен тіл табысып, достасса дейміз. Жобаны сол үшін жолға қойдық. Жастар төрт күн бойы Қазақстанның киелі орындарын аралау үшін жеті облыстан шығады. Әр топта 99 адамнан болады», – деді елордада жобаның таныстырылуы кезінде Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.
Елордадан бастау алған Jastar kerýeni ауқымды жобасы басталып кетті. Жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінің жастары 13 тамыздан бастап төрт күн бойы республиканың киелі орындарын аралайды. Белсенді жастар Көкшетау, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларына жол тартты. Олар төрт күн бойы осы өңірлердің туристік нысандары мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» картасына енген киелі жерлерге барып, алған әсерлерін әлеуметтік желіге жариялайтын болады. Ұйымдастырушылар осы арқылы жастар арасында ішкі туризмді дамытуға атсалыспақшы. «Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Әлеуметтік желіде белсенді жастар туризм саласында трендтер қалыптастырып отыр. Сондықтан, әр бағытқа жастармен бірге блогерлер барады. Жастар солар бөліскен ақпарат арқылы еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлер туралы толыққанды ақпарат алатын болады», – дейді Тоқтар Болысов. Оның айтуынша, туристік керуен соңында оған қатысушылар өздері аяқ басқан орындардағы инфрақұрылымдық мәселелер бойынша тиімді ұсыныстар беруі тиіс.
Әділ БЕК