Қытайда туып-өскен қазақ баласы Елжан Шынарұлы футболдан 20 жасқа дейінгі Қытай құрамасына шақырту алған.
Бұл туралы әлеуметтік желіде Мұрат Алмасбек есімді қолданушы жазды. Оның айтуынша, Елжан қорғаушы позициясында өнер көрсетеді. Қазақ ұлты арасынан осындай деңгейге көтерілген алғашқы кәсіби футболшы. Бұдан кейін Елжан туралы негізгі ақпаратты қытайлық ресурстан алдық.
Қытай футбол федерациясы 2019 жылы 8 тамыз күні 20 жасқа дейінгі Қытай жастар құрамасына шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялады. Тізімде «Шэньчжэнь» футбол клубының қорғаушысы Елжан Шынарұлы да бар. Құрамаға шақырту алған футболшылар 17 тамызға дейін Қытай футбол федерациясының ресми тіркеуінен өтуі тиіс. 20 жасқа дейінгі Қытай жастар құрамасы 17 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Оқу-жаттығу жиыны аясында Сербия құрамасымен жолдастық кездесу өткізу жоспарланған.
Елжан Шынарұлы 1999 жылы 6 маусым күні Шыңжан өңіріне қарасты Бурылтоғай ауданы, Ботамойын қыстағында дүниеге келген. 2016 жылдан бастап футболмен кәсіби түрде айналысады.
Елжан осы уақытқа дейін 2016 жылы «Гуаңду» клубына шақыртылып, сол жылдан бастап 18 жасқа дейінгі жастар құрамасының жейдесін киген. 2016 жылы «Шэньчжэнь» клубына ауысып, содан бері аталған клубтың жастар құрамасында өнер көрсетіп, 3 гол салып, 4 нәтижелі пас берген. 2019 жылдың басында Елжан «Шэньчжэнь» клубының қосалқы құрамасына шақыртылады. Ал шілде айында клубтың негізгі командасына ауысып, аз уақыт аралығында 6 ойынға қатысып, өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгеріпті.
Қазір «Шэньчжэнь» клубы Қытай басты чемпионатында 15 ұпаймен 15-орында келе жатыр. Бұған дейін Ержет Ерзат есімді қазақ жігіті 20 жасқа дейінгі Қытай құрамасы сапында қақпашы болып өнер көрсеткен еді. Біраз уақыт бұрын португалиялық Gondomar клубы сапында да өзін сынап көрді. Қазір «Чунсин Лифань» командасының қақпасын күзетеді. Оның командасы Қытай чемпионатының сегізінші орнында келе жатыр. Ал көш басында 58 ұпаймен «Гуанчжоу Эвергранд» клубы тұр.
Қазір Қытай чемпионаты футбол нарығындағы өте белсенді біріншілік болып саналады. Еуропада өзін мойындатқан небір тарлан футболшылар қазір Қытай жасыл алаңдарында доп теуіп жүр. Біздің Елжан да, Ержет те сондай мықтыларға қарсы әр тур сайын алаңға шығып, өз шеберліктерін шыңдауда. Егер алдағы уақытта Қытайдың ересектер құрамасына қабылданып жатса, бұл үлкен жетістік болмақ. Бәлкім футболшыларға біздің клубтар да назар аударып қалар. Бәлкім, олар Еуропа есігін ашуға талпынар.