Футболдан Қазақстан құрамасы мен алматылық «Қайраттың» капитаны әрі шабуылшысы Бауыржан Исламхан еуропалық командаға ауысуы мүмкін. Футболшы қысқы трансферлік терезе кезінде болгариялық «Лудогорец» клубына ауысады деген ақпарат тарады.
Бауыржанның «Қайратпен» келісімшарты осы жылы желтоқсан айында аяқталады. Сондықтан футболшы «Лудогорецке» еркін агент ретінде ауысуы әбден мүмкін. Дереккөзінің мәліметінше, болгариялық клуб шабуылды өрістететін креативті ойыншы іздеген және қазақстандық шабуылшының өнеріне біраздан бері бақылау жүргізген. «Лудогорец» клубы өз елінің чемпионатын соңғы сегіз жыл қатарынан жеңіп келе жатыр. 2011 жылдан бері жоғары лигада ойнап келе жатқан ұжым екі мәрте Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, үш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсеткен.
26 жастағы шабуылшы «Қайрат» сапында 2014 жылдан бері ойнайды. Оған дейін «Астана», «Тараз» және ресейлік «Кубань» клубтарының намысын қорғаған. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 38 матчта алаңға шығып, 3 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген. Еске салсақ, осыған дейін Болгария чемпионатында Еркебұлан Сейдахмет те өнер көрсеткен. Ол жарты жылдай «Левски» сапында доп тепті. Сондай-ақ қазақстандық Еркебұлан Нұрғалиев есімді спортшы да аталған елдің «Шахтер» командасының жейдесін киген болатын. Сондай-ақ «Қайрат» сапынан қорғаушы Елдос Ахметов те кетуі мүмкін. Қазір оған бірқатар отандық премьер-лига клубтары қызығушылық танытуда. 29 жастағы футболшы Еуропа лигасы аясында израилдік «Хапоэл» клубына қарсы өткізген ойында алаңнан қуылғаннан кейін алаңға шыққан жоқ. Биылдыққа ол чемпионатта – 7, ал Еуропа лигасында 4 кездесуге қатысты. Бұған дейін «Ертіс», «Астана», «Тараз» командаларында ойнап, ұлттық құрама намысын да қорғаған.