Қазақстандық теннисші Андрей Голубев Италияда өткен ITF сериясы турнирінде топ жарды. Осылайша, спортшы осы маусымдағы төртінші трофейіне қол жеткізіп отыр.
Жарыс жұптасып өнер көрсету жүйесінде өткізіліп, Голубев пен бразилиялық Фелипе Мелигени жұп құрады. Олар финалда швециялық Кристиан Линдел мен бразилиялық Даниэль Дутра да Сильва жұбынан 6:4, 6:4 есебімен басым түсті. Матч 1 сағат 11 минутқа созылған. Голубев пен Мелигени финалға дейін – Мориц Трокер және Винклер; Бенжамин Бонзи және Максим Мора; Давиде Галоппини және Вилсон Лейте жұптарын жарыс жолынан ығыстырған. Турнирдің жүлде қоры – 25 мың АҚШ доллары.