Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Талдықорғанда өткен спартакиадаға қатысып, 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.
Спортшы екі жаттығудың қорытындысы бойынша 370 келіні еңсерген. Төрт дүркін әлем чемпионы жұлқа көтеруде 170 келіні көтерсе, серпе көтеру жаттығуында 200 және 205 келіні бағындыра алған жоқ. «Сайыстан соң бойымда екі түрлі сезім тұр. Бірі – жұлқа көтерудегі екі жаттығуды еркін еңсергенім. Тіпті 175 келіге тапсырыс берсем де болады екен. Ал серпе көтерумен әлі де жұмыс істеу керек. Қазір соған бар күшімді жұмсап жатырмын. Паттайада өтетін әлем чемпионатында (2019 жылдың 16 – 25 қыркүйегі аралығы) кемінде бесінші орын алуым керек» депті Ильин жарыстан соң.
Еске салсақ, спортшының допинг дауына байланысты кәсіби спорттан шеттетілу мерзімі былтыр маусым айында аяқталған. Ол 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Ал Қазақстан спартакиадасы 4-9 тамыз аралығында Талдықорған қаласында өтіп, оған 11 облыстан және 3 мегаполистер 150-ден астам ауыр атлет қатысты. Олардың қатарында Зұлфия Чиншанло, Нижат Рахимов, Денис Уланов, Арли Чонтей есімді ұлттық құрама спортшылары да бар.