Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияны қайта жандандыру аясында өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды. Филиал басшысы Б.Бақауовтың ұсынысымен партия хатшысы Илья Теренченконы Павлодар облыстық филиалының бірінші орынбасары етіп ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз кезегінде Илья Теренченкоға партиялық қызметтегі сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп, жаңа жұмысына сәттілік тіледі.
– Партияның дамуына қосқан үлесі және сайлау науқанына белсенді қатысып, бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысқаны үшін партияластар атынан И.Теренченкоға алғыс білдіремін. Оның орталық деңгейде жинаған тәжірибесі алдағы жұмысына игі әсерін тигізеріне сенімдімін, – деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ Саяси кеңестің аймақтық бюросының ұсынысымен Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Мұқаев тағайындалды. Ол бұл тағайындауға дейін Орал қаласының әкімі болып жұмыс істеді.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық филиалдың барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялармен жұмысын айтарлықтай күшейту керегін айтқан болатын.
– Қазіргі таңда партияның алдында тұрған ең басты мәселе – халықтың сенімі. Біз өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешу үшін депутаттармен өзара жұмыс істеу барысын қайта қарап, күшейтуіміз қажет. Бүгінде аймақтардағы фракциялардың жұмысы кейбір жағдайда уақыт талаптарына сай келмейді. Партиялық бақылау жүйесі арқылы атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру керек. Халықтан келіп түскен өтініштердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Бірінші жартыжылдықта филиалда қала әкімі орынбасарларының азаматтарды қабылдауы өтпеген, – деді Бауыржан Байбек.
Айта кетейік, Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жандандыру және кадрларды жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұған дейін Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сондай-ақ жұмысына байланысты атына көптеген арыз-шағымдар түскен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, орнына бұрын «Айқында» абыройлы қызмет атқарған, кейінгі жылдары Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасын басқарған Бейсен Тәжібаев тағайындалды.