Матч барысында Роман Муртазаев пен Марин Томасов дубль жасады
Елордалық «Астана» клубы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Мальтаның «Валетта» клубын жолдан ығыстырды. Бірінші кездесуде өз алаңында 5:1 есебімен жеңген «Астана» бүгін қарсыласты 4:0 есебімен талқандады.
Матч барысында Роман Муртазаев пен Марин Томасов дубль жасап, «Астанаға» жеңіс сыйлады. Енді біздің клуб Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу үшін белорусиялық БАТЭ-мен күш сынасады. Олар екі ойынның қорытындысы бойынша босниялық «Сараеводан» басым түскен болатын.
«Астана» мен БАТЭ арасындағы алғашқы матч 22 тамыз күні Нұр-Сұлтанда өтсе, қарымта кездесу 29 тамызға жоспарланған. Бір қызығы БАТЭ – «Сараево» кездесуі кезінде «Борисов Арена» стадионындағы қалқаншаларда «ФК БАТЭ – ФК АСТАНА» деген жазулар пайда болған. Ал бұл кезде «Астана» мен «Валетта» арасындағы екінші кездесу әлі аяқталмаған.