Қызылордада көлік қаққан әйел нәрестесімен бірге көз жұмды

Қызылордада көлік қаққан әйел нәрестесімен бірге көз жұмды

Оқыс оқиғадан екі адам қаза болып, екеуі жарақат алды. Бұл жайында Қызылорда облыстық полиция департаменті мәлімдеді. Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша оқиға Тасбөгет кентінде 23 шілдеде жергілікті уақытпен 22:50-де болған. «ВАЗ-2114» көлігінің иесі жоғары жылдамдықпен келе жатқан. Ол «Mercedes-Benz» маркалы автокөлікке жанай соғып, содан кейін жол жиегінде келе жатқан төрт адамды қағып кеткен. «Оқиғадан жол жиегінде келе жатқан 28 жастағы азаматша мен оның нәрестесі сол жерде көз жұмды. Екі адам түрлі деңгейдегі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Онда абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне апарып соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда», - деп мәлімдеді. Оқиға барысында жарақат алған кінәлі жүргізуші жансақтау бөліміне жеткізілген. Осыған байланысты оған қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде.