Пойызда келе жатырмыз. Жанымдағы кішкентай қыз бойжеткенде кім болатынын қызыға баяндауда. Өзінің би үйірмесіне барғысы келетінін, бірақ анасы гимнастикаға жаздырғанына шағымданды. Болашақта 6 жерде жұмыс істейтінін айтқанда таңғалдым. Неге дегенімде, «әкемнің сатушы болғанын, анамның оған ұрысқанын қаламаймын» деді. Еріксіз терезеге қарап ойланып қалдық.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті мәліметінше, 2019 жылы шілде айындағы жұмыссыздар саны – 440,9 мың адам. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. Шілденің соңында жұмыспен қамту органдарына 172,7 мың адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі жұмыс күшінің 1,9 пайызы екен.
Республика экономикасын бағалау бойынша 2019 жылы шілдеде 8,8 млн адам жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтылғандардың арасында 6,7 млн-ы жалдамалы қызметте істейді. 2019 жылғы ІІ тоқсанда жасырын жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 0,3 пайызын құрап, 30,4 мыңға жеткен.
2019 жылы қаңтарда жұмыссыздар саны – 442,7 мың, тіркелген жұмыссыздар саны 111 мыңға жетті. Ақпан айындағы жұмыссыздар саны – 443,1, тіркелген жұмыссыздар – 131,8 мың. Наурызда жұмыссыздар саны 442,9 мыңды көрсеткен, соның ішінде тіркелгендері – 160,7 мың. Мамыр айында жұмыссыздар саны 441,8 мыңды құрап, тіркелгендер саны 169,9 мыңға өсті. Маусымда жұмыссызбын деп тіркелгендер 176,7 мың болса, жалпы жұмыссыздар саны 441,3 мыңды көрсетті.
2018 жылы тамыз-желтоқсан айларында жұмыссыздар саны 441,6-442,1 мыңның арасында болса, тіркелген жұмыссыздар саны 91,6-151,8 мыңды құрады.
World Employment-те Қазақстан 2014 жылмен салыстырғанда 31 орынға төмен сырғыған. Статистикаға сүйенсек, 2014 жылы – 51-орында (5,30%), 2015 жылы – 53-орында (5%), 2016 жылы – 70-орында (5%), 2017 жылы 70-орында (4,9%) тұрған. 2018 жылы 4,9 пайыз көрсеткішпен 82-орынға жылжыған. Демек, әлемдегі жұмыссыздар саны сәл де болса, кеміді деген сөз. Өйткені 2009 жылғы бағалау бойынша жұмыссыздар саны ең көп ел Зимбабве (95%). Яғни, Зимбабведе жұмыспен қамтылғандардың үлес салмағы 5 пайыз болған.
Статистика комитеті сайтында 2019 жылы шілдедегі қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 186 221 теңге деп көрсетілген. Ең жоғары номиналды жалақы – 401,1 мың теңге. Мұны тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу. Қаржы және сақтандыру қызметіндегі қызметкерлер 323 мың теңге айлық алады. Бұл – екінші деңгейлі жалақы. Үштікті ғылыми және техникалық қызмет саласында жұмыс істейтіндер түйіндейді. Олар 296,3 мың теңге алады.
Ең төменгі жалақы мөлшері – 93,2 мың теңге. Бұл – ауыл, орман, балық шаруашылығында жұмыс істейтіндердің еңбекақысы. Қазақстанда ең жоғары жалақы алатындар Атырау облысында тұрады (322,7 мың теңге). Ең төменгі жалақы алатын облыс – Түркістан облысы (109 мың теңге).
2019 жылы 622 447 адам жұмысқа орналастыру органдарына жүгінген. Жұмыс іздеген ерлер саны 303 975 болса, 318 472 әйел органға өтініш жазған. Ауыл-аймақтан
303 339, қала тұрғындарынан 319 108 өтінім қабылданған.
Статистикаға көз жүгіртсек, өтінім бергендердің дені – қаладан. Ауыл-аймаққа орган жұмысы жайлы хабар жетпеді дегеннің өзінде қала үшін көлемді цифр. Жұмыс іздеп ауылдан қалаға ағылатындар қатары көп. Қаланың өзінде жұмыс таппай жүргендері қаншама. Осындайда «Тракторшының махаббаты» сериалындағы мораль еске түседі. Қай өңір несімен танымал, соны негізге алу керек сыңайлы. Сүтті сиыры бар мекенге сүт зауыты, кені бар жерге металл өңдеу орталығы, қойды ауылға тері өңдейтін орын керек-ақ. Сонда жұмыс іздеп сенделгендер саны азайып, пойыздағы әңгіме ауаны өзгерер еді.
Айбике ЖАНАСЫЛ