Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттық фракциясының мүшесі Әлімбек Жұмабаевтың жетекшілігімен көшпелі қабылдау өтті. Қоғамдық қабылдауға Nur Otan партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметова, аудандық мәслихаттың тиісті сайлау округінен сайлаған депутаттары К.Бегалиев, З.Сұлтанмұратов және ауылдық округ әкімдігінің жауапты мамандары қатысты. Отырыста бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
– Біз қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен әрбір арыз-шағымды мұқият қарап, мүмкіндігінше, оның оңтайлы шешілуіне ықпал етіп келеміз. Қоғамдық қабылдау барысында айтылған арыз-шағымдарды талдау барысында, біз азаматтардың Nur Otan партиясына сенім артып келетінін байқадық. Сондықтан, алдағы уақытта біз барлық мүмкіндікті пайдалана отырып тұрғындардың мәселелерін шешу үшін жүйелі әрі нақты жұмыс істейтін боламыз, – деді Әлімбек Жұмабаев.
Қоғамдық қабылдау барысында облыстық мәслихат депутаты Нұрлыкент, Ақтөбе, Бәйтерек ауылдарынан келген тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Тұрғындар аудан орталығына апаратын жолдың біраз уақыттан бері жөндеу көрмегенін айтып, жолаушыларға қолайсыздық туғызып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде Ақтөбе, Бәйтерек ауылының тұрғындары да ауылдық округ арқылы өтетін облыстық мәндегі «Теріс-Бақалы-Сұрым-Бәйтерек» бағытындағы жолдың сапасыз жөнделіп жатқанын тілге тиек етті.
Қабылдауда сондай-ақ, ауылды жерлерде спорттық алаңдардың тапшылығы, өңір шаруаларының Қырғыз шекарасынан келетін ағын суға зәру болып отырғаны да баса айтылды. Спикер Ақтөбе ауылының тұрғыны Ринат Жапаровтың ауылға Street Workout спорттық алаңын соғу туралы өтінішіне қолдау білдіріп, ұсыныс иесімен мұндай алаңды қай тұстан салған тиімді болатынын талқылап, спорттық алаңға қажетті жабдықтарды жергілікті жерде дайындауға ауыл кәсіпкерлерінің қандай мүмкіндіктері бар екені туралы кеңесті.
Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған Әлімбек Әсембекұлы аталған мәселелердің барлығы байыпты зерделеуді қажет ететінін айтты. Ол сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, осы мақсатта тиісті орындарға тапсырма берілетінін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаты қоғамдық қабылдау соңында облыстың, соның ішінде ауданның атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, сайлауалды бағдарламасын орындауға ары қарай да күш сала беретініне сендірді.