Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, проблеманы дер кезінде шешетін басқару жүйесіне көшу қажетін айтқан болатын. Өйткені мемлекеттік басқаруда азаматтар пікірін ескеру – қоғамның басты талабы.
Алдымен осыған назар аударған жөн. Азаматтық қоғамға жаңаша бет бұруға түрткі болып отырған себеп көп.
Біріншіден, қазақ қоғамында азаматтық сананың парадигмалық өзгеруі айқын байқалуда. Азаматтар арасында ашық қоғам құндылықтары басымдыққа ие бола бастады. Азаматтық бастамалар – қоғамдық пікірдің басты қозғаушы күші.
Екіншіден, қоғам тарапынан мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен нақтылығына сұраныс артуда. Мәселен, халық қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуына түбегейлі қарсы.
Үшіншіден, азаматтар жай ғана бақылаушы болып қалғысы келмейді. Олар пікіріне құлақ салуды қалап отыр. Байқап қарасақ, министрлік немесе әкімдік қабырғасында шешімді қабылдап алып, оны халықтың талқысына салмай, жүзеге асырғанды қолдамайды. Бұған қоса бүгінде жергілікті және ұлттық деңгейде азаматтар пікірін жинақтап, жүйелеп шешім қабылдау процесіне дейін жеткізетін тиімді тетіктердің тапшылығы сезілуде.
Шынтуайтында, бұл азаматтық қоғам дамуының жаңа фазасы басталғанын айғақтайды. Ашық қоғамға сұраныстың мұндай үрдістері орын алған жағдайда әлемдік тәжірибеде тиімді қолданылып жүрген. Кең көлемді диалогқа бастайтын, озық технологиялар көмегімен азаматтардың шешім қабылдау процесіне конструктивті қатысуына мүмкіндік беретін электронды демократия құралдарын дамыту тиімді болмақ. Бұл тәсіл күн тәртібінің өзекті мәселелерін көпшіліктің қатысуымен анықтап, оның шешімдерін қоғаммен бірге іздеуге бастайды.
Осы орайда, әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен тікелей байланыс орнатып, оның тыныс-тіршілігін тануға талпыныстарды қолдауға лайық. Әлеуметтік коммуникацияның артында әлемдік ірі бизнес тұрғаны мәлім. Олар әлеуметтік желі аудиториясын кеңейту үшін қомақты қаржы, интелектуалдық ресурстарды шоғырландырып отыр. Тиісінше, әлеуметтік желі көптің көңілінен шығып, танымал коммуникация құралы болып таралуда. Сондықтан да, қоғамдық диалогтың жаңа тәсілдері осындай цифрлы құралдармен етене тығыз байланыста дамуы тиіс.
Алайда әлеуметтік желілер тенденциялық феноменмен ауырады. Оның ленталарында салмақты оймен қатар, қолданушыны еліктіріп әкететін fake news, жалған аккаунттар қатар жүреді. Әлеуметтік желінің деструктивті әлеуеті туралы баршаға аян. Сонымен қатар желідегі сан түрлі ақпарат ішінен тек сарабдал пікірдің суырылып алынатынына немесе тәуір ойдың тасада қалып қоймасына кепілдік жоқ. Одан бөлек, әлеуметтік желімен айналысу әжептеуір уақытты талап етеді. Оған жұмсалған уақыт пен күш айталық әкім мен министрдің жұмыс сапасына әсерін тигізбей қоймайды. Осындай себептерге байланысты, танымалдығына және қолайлылығына қарамастан, әлеуметтік желілер қоғаммен байланыстың басты арнасы бола алмайды.
Сондықтан да, цифрландырудың қазіргі кезеңінде азаматтар пікірін жинақтап, жүйелеп конструктивті әрі теңгерімді түрде шешім қабылдау процесіне дейін жеткізетін, жаңа толқын электронды коммуникация құралдарын қалыптастыру туралы ойлануымыз қажет. Ашықтығы мен қолдануға қолайлылығы жөнінен мұндай құралдар әлеуметтік желінің мемлекеттік баламасы болуы тиіс.
Осы орайда, әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен тікелей байланыс орнатып, оның тыныс-тіршілігін тануға талпыныстарды қолдауға лайық. Әлеуметтік коммуникацияның артында әлемдік ірі бизнес тұрғаны мәлім. Олар әлеуметтік желі аудиториясын кеңейту үшін қомақты қаржы, интелектуалдық ресурстарды шоғырландырып отыр. Тиісінше, әлеуметтік желі көптің көңілінен шығып, танымал коммуникация құралы болып таралуда.
Озық интернет технологиялар мен соңғы IT мүмкіндіктерге негізделген E-gov 2.0 толқынды электронды үкіметтің құрамдас бөлігі ретінде дамып келе жатқан электронды демократия қосымшалары көптеген елде кеңкөлемді диалогты қамтамасыз етіп отыр. Мұндай цифрлы құралдарды дамытудың ортақ стандарттары жоқ. Әйтсе де, әлемде сәтті іске асырылған жобаларға сүйене отырып төмендегідей интернет қосымшалар топтамасын дамыту тиімді деп санаймыз.
Бірінші, е-ақпарат қосымшасы – оның мақсаты, азаматтарға мемлекеттік органдардың (жергілікті және орталық) жоспарларымен, бюджеттерімен және басқа да азаматтар өміріне қатысты жобаларымен еркін танысуына жол ашу. Олардың іске асырылу барысына тұрақты бақылау жасауға мүмкіндік беру. Бұл мемлекеттік құрылымдар қызметінің ашықтығын және олардың халыққа тікелей есептілігін қамтамасыз етеді. Қоғамдық бақылауды және сенімді нығайтады. Қосымша арқылы азаматтардың қатысуымен бюджеті қалыптастыру жобасын енгізуге болады.
Екінші, е-арыздар – бұл қосымша жеке шағымдармен жұмысты жақсарту үшін ғана емес, адамдардың күнделікті тәжірибесінен мәліметтер жинауға және соның негізінде саясатты әзірлеуге бағытталған. Әдетте азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінгенде өздерінің өзекті мәселелерін жеткізеді. Егер осы деректердің барлығын жинап, талдау жасасақ қоғам үшін ортақ жүйелі проблемаларды анықтауға болады. Қосымшада азаматтардың барлық электронды және қағаз жүзіндегі арыздары, хабарламалары жинақталып, деректерді интелектуалды сараптау бағдарламалары (data mining) арқылы талданады. Мұндай талдау жүйелі проблемаларды, олқылықтарды және оның көлемін анықтай алады. Осылайша, жүйелі кемшіліктерді жою бойынша кешенді шараларды жасауға көмектеседі. Талдау нәтижелерін мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау жүйесіне қосу арқылы оның аяқсыз қалмауын қадағалауға болады.
Үшінші, е-кеңес – бұл азаматтармен онлайн кеңесуді қамтамасыз ететін көпфункциялы қосымша. Қосымша арқылы азаматтар мемлекеттік органдардың ағымдағы қызметіне қатысты пікірлерін білдіріп, олардың жобаларына ұсыныстарын енгізе алады. Сонымен қатар бұл қосымша өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікірді жинауға мүмкіндік береді. Кеңесуді түрлі формада ұйымдастыруға (электронды форум, электронды сауалнама және электронды тыңдаулар және т.б.) болады.
Төртінші, е-петиция қосымшасы азаматтарға өз бастамалары мен идеяларын онлайн-петиция жариялау арқылы үкіметке ұсынуға жол ашады. Барлық петиция жарияланбас бұрын тексеруден өтеді. Олардың мазмұны белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Мәселен, петицияда жаңа идея ұсынылуы керек. Сондай-ақ кадрлық ұсыным мен сотта қаралуы тиіс дауларды петицияға айналдыруға болмайды. Петиция жергілікті немесе орталық органдар деңгейінде қаралуы үшін, ол белгіленген көлемде (санда) қол жинауы қажет.
Ескерер жайт, мұндай қосымшалар нәтижелі жұмыс істеу үшін, ең алдымен, олар цифрлы технологиялардың заманауи даму трендтеріне сай болуы ләзім. Әлемдік бизнес алпауыттары, IT индустрияның флагмандары Apple, Google, Facebook, Amazon компаниялары өткен онжылдықтан бастап сервис саласында жетістікке жеткізетін жаңа трендтің негізін қалады. Бұл тренд «қолданушылар үшін жасау дәуірі» деп атауға лайық. Әрдайым қолданушылардың ойынан шығып, олардың сан түрлі қалауын қалт еткізбей қамтып отыру аталмыш компаниялардың, қала берді барлық жемісті бизнестің басты қағидасына айналды. Ал қолдануға жеңіл, функционалдық тұрғыдан ыңғайлы сервистер қолдауға ие болып, IT революция жасады. Бұл трендтің басты артықшылығы қажеті жоқ кедергілер мен критерийлерді алып тастау, қызмет көрсетуді, байланыс жасауды барынша жеңілдету. Екіншіден, мұндай қосымшалар мемлекет үшін оңтайлы жағдай туғызу (government-centred) концепциясына емес, азаматтар үшін қолайлылық жасау (citizen-centred) концепциясына негізделуі тиіс.
Еділ ОСПАН,
заң ғылымдарының кандидаты