Алматы облысында жаңа оқу жылынан бастап барлық білім ошағында «Парасат мектебі» жұмысын бастайды. Онда жас буынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға үйретіп, адалдыққа баулымақ. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жолыққан жаңа жоба жетекшілері жаңалықтың жай-жапсарын, тиімділігін жан-жақты баяндауға тырысты.
Игі бастама «Жетісу адалдық алаңы» аясында жүзеге асырылады. Қазіргі кезде білім саласында «Парасат лагері» жұмыс жүргізуде. Бұл жоба бойынша 32 000 мыңнан аса жеткіншек жазғы демалыс орнымен қамтылған.
Жалпы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері 100-ден аса шара ұйымдастырды. Соның бірі бүгінгі күні аса өзектілігімен ерекшеленіп тұрған жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға қатысты «Жол бер, өмір сыйла» акциясы.
Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, автокөлік құралдарының жүргізушілері жол қозғалысы ережесін жиі бұзады. Солары арқылы өз бастарымен бірге басқа да жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Тағы бір назар аударатын өкінішті жағдай – автокөлік құралдары жүргізушілерінің адам өмірін арашалауға асығып бара жатқан жедел жәрдем автокөліктеріне жол бермей, жанталасатыны. Осындай ойсыз әрі өрескел әрекеттері арқылы олар жолда қауіпті жағдай туғызып, қыл үстінде тұрған науқастың ауруханаға дер кезінде жеткізілуіне кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттердің соңы көбіне қайғылы аяқталып жатады. Жедел жәрдем автокөлігіндегілердің адам өмірі үшін арпалысып жатқанын, ол біреудің бауыры немесе баласы болуы мүмкін екенін ойлайтын адамдар аз. Осы жағдайдың аса маңыздылығын ескерген департамент «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында «Жол бер, өмір сыйла» акциясын ұйымдастырды. Аталған акцияның басты мақсаты – көлік жүргізушілері арасында парасаттылықты қалыптастырып, өзара сыйластық пен түсіністікті насихаттау.
«Бұл акция көлік жүргізушілеріне ғана емес, барлық азаматтарға жақсы үлгі болары анық. Акция полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Қысқа уақыттың ішінде жедел жәрдем көлігіне жол бермегені үшін бірнеше көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды» дейді «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Аманжол Тоқтарұлы.
Болат АБАҒАН
Алматы облысы