Премьер-министр Асқар Мамин кезекті іссапары барысында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын және Түркістандағы құрылыс нысандарын тексерді.
Асқар Мамин Түркістан облысына кезекті жұмыс сапарын алдымен Арыс қаласындағы тұрғын үй секторының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қалпына келтірілу жұмыстарын танысумен бастады.
Арыс қаласында жалпы үйлер саны 8 637, оның ішінде 7 166 тұрғын үй жөндеуді қажет етті. Қазіргі кезде жұмыстардың 97,4% аяқталды. 433 тұрғын үй қайта салынуда. Нысандарда 163 құрылыс компаниясы, 6 мыңнан аса жұмысшы мен 286 бірлік құрылыс техникасы тартылған.
Қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын аралау кезінде Үкімет басшысына 536 кәсіпкерлік қызмет субъектісінен 509-ы қалпына келтіруді қажет ететіні туралы ақпарат берілді. Қазірдің өзінде 316 бизнес нысаны жұмыс істей бастады.
Премьер-министр Асқар Мамин стадионға, ауруханаға, мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Сонымен қатар жергілікті маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіші болып табылатын «Арыс-1» теміржол вокзалы араланды. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет құрамына ғалымдар, реставраторлар, тарихшылар, Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері кірген комиссия құрды. Комиссия қорытындысына сәйкес, Арыс қаласының вокзалын қалпына келтіру бойынша «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан жұмыстар оның тарихи-архитектуралық құндылығын жоймайды. Премьер-министрге вокзалды қалпына келтіру келесі аптаның соңына дейін аяқталатыны туралы баяндалды.
Айта кету керек, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын толық қалпына келтіруге және қаланың тұрақты тіршілігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр.
Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар, оның 62-сі күрделі жөндеуден өткізілуі керек, ал 4-уі толық қалпына келтірілуі тиіс. Қазір 45 нысанда жұмыстар аяқталды.
Асқар Мамин сондай-ақ Арыс қаласында тұрғын үйлері толық бұзылған 100 отбасыға арналған 52 қос пәтерлі коттеджден тұратын жаңа ықшамауданның салыну барысын көрді.
«Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар үшін барлық жағдайларды жасау керек», – деп Асқар Мамин тұрғын үйлерді салу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Онан соң ат басын Түркістан қаласына тіреген Үкімет басшысы қаладағы әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік ғимараттардың салыну барысын тексерді.
Түркістан қаласында Премьер-министр жаңа автовокзалдың ашылу рәсіміне қатысты, оның өткізу қабілеті тәулігіне түрлі бағыттар бойынша 600-ге жуық автобусты құрайды. Вокзал тәулігіне 10 мың жолаушыға дейін қызмет көрсететін болады деп күтілуде. Автовокзал облыс орталығындағы көлік ағынын оңтайландыру және экологиялық ахуалды жақсарту үшін салынған.
Үкімет басшысына әкімшілік, әлеуметтік, тарихи-мәдени нысандардың салыну барысы туралы баяндалды. Асқар Мамин оқушылар сарайына барып, облыс әкімдігі, медиа орталық, конгресс-холл ғимараттарының, «Нұр-Сұлтан» алаңы, Тұңғыш Президент саябағының, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің, музыка мектебінің, бассейні бар оқушылар сарайының, неке сарайының, Қазақ драма театры, халыққа қызмет көрсету орталығының, сондай-ақ аттракциондары бар қалалық саябақтың, музыкалық фонтан мен амфитеатрдың ғимараттарын көрді.
Премьер-министр сонымен қатар салынып жатқан тарихи мәдени орталықтың, «Ұлы дала елі» орталығының, Қ.А. Яссауи музейінің, Ұлы Жібек жолы қолөнершілерінің Ұлттық орталығы ғимаратының, визит орталығының, Шығыс моншасының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылыс алаңын аралап көрді.