Мектепке дайындық маусымы басталғалы үлкен базар тұрмақ, кішігірім дүкендердің алдында кептеліп қалып жатамыз. Ал Алматының шыға берісінде орналасқан Алтын орда базарының маңы жұртшылықтың сабырын сынайтын аумаққа айналғандай. Жайшылықта кептелістен көз ашпайтын халық үшін соңғы күндері Алматыға қатынау мұң болып барады. Бәрінің көкейінде бір сұрақ – базар жанындағы жаңа жолдың бітетін күні таяу ма?
Жаңа жобада жол 10 жолаққа дейін (екі бағытқа бес-бестен) кеңейеді және қоғамдық жергілікті және транзиттік көліктерге арналған. Сонымен бірге, айналмалы екі эстакадасы мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер де қарастырылған. Жыл басында жауапты тұлғалар БАҚ өкілдерін жинап «2019 жылдың күзінде жартылай пайдалануға беріледі, ал 2020 жылы жол толықтай халық игілігіне жұмыс істемек» деп мәлімдеген. Шенділер уәде еткен күздің де ауылы алыс емес. Бірақ нысан аумағына қарасаң, жақын арада бұл жол кептелістен арылатынына көңіл де, көз де сенбейді.
Әлеуметтік желілерде де шулаған халық әкімдікті белгілеп наразылығын жеткізіп әлек. Сол себепті, Алматы облыстық әкімдігіне хабарласқан едік. Әкімнің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел нысан ұлттық компанияның қарамағында екенін жеткізді.
– Бұл нысан ҚазАвтоЖолдың балансында. Жұмыстың баяу жүріп жатқаны біздің де көңілімізден шықпайды. Біз өз тарапымыздан хат алмасып та, барып та ескертіп жатырмыз. Компания өкілдері «жұмыс графикке сай жасалып жатыр» дейді. Бірақ Қарасай, Жамбыл ауданының тұрғындары «жұмыс уақыты болса да, жұмыс жасалмай жатыр» деп суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде облыс әкімінің, менің парақшама жиі-жиі жібереді. Бұл мәселе әкімнің аппараттық отырыстарында да бірнеше рет көтерілді. Енді бір ғана амал қалды – министрлікке хат жазу, – деді Ғ.Жүкел.
Нысанда жұмыс қызу жүріп жатпағандықтан болар, халық арасында қисынды-қисынсыз сөздер де айтыла бастады. «Қаржысы желініп кетіпті» деген сөздерден соң істің жай-жапсарын білу мақсатында жауапты компанияның өкілімен байланысқа шықтық. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев жұмыс тоқтап қалған жоқ, тек күтпеген кедергілер пайда болды деген пікірімен бөлісті.
– Қазіргі таңда бұл нысанда 200-ге жуық адам жұмыс істеуде. Ешқандай жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Учаскенің жалпы қашықтығы – 3,8-4 шақырым. Бұл жобаның барысында 2 эстакада салынады. Бірінші таға тәріздес айналма жол Леруа Мерлен, Апорт және 7 құрдас сауда кешендерінің алдында болады. Оған қосымша Ақсай өзенінен өтетін көпірдің кеңейтілуіне байланысты жол 8 жолаққа кеңейтіледі. Оның құрылысы қазіргі таңда аяқталып тұр. Үш жерден жол үсті жаяу жүргіншілер жолы өтеді: Асыл Арман тұрғын үй кешенінің тұсынан, Алтын орда мен Барлық базарының арасына және Апорт сауда кешеніне қарама-қарсы бағытқа өтуге арналған. Қазіргі таңда бұл жолдың негізі құйылып барлығы дайын тұр. Ал жоғары бөлігін металлдан жасаймыз. Өкінішке қарай, мұндай металл елімізде дайындалмайды. Сондықтан біз оны Ресейге тапсырыс беріп алдырып отырмыз. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткендей, таға тәріздес эстакадалардың құрылысы жүріп жатыр. Ол жердегі көпірлер бетон қабылдауға дайын. Одан бөлек Іргелі Абай ауылдарының арасын жалғайтын 700 метрлік эстакаданың да негіздері құйылып дайын тұр. Қазіргі таңда төменгі бөліктегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, тіректердің беріктігін қамтамасыз ететін жерлер тегістеліп, бетон құйылуда. Одан кейін сол маңдағы сауда кешендерінің жанында жол жұмыстары жүріп жатыр, – деді ол.
Бұған дейін жаңа жолдың аумағына енетін жер учаскелеріне қатысты проблемалар туындағаны сөз болған. Бұл мәселенің қазіргі таңда қаншалықты өзекті екенін Н.Ақылтаев тарқатып айтып берді.
– Жер учаскілеріне қатысты бізде проблемалар бар. Жоспарда көрсетілген айналма көпірлер түсетін жерде V-oil жанар-жағармай бекеттері бар. Сондай жолдың бойындағы екі станса әлі күнге дейін сатып алынбай тұр. Жанар-жағармай бекеті иесінің мемлекет тарапынан берілген ақшаға көңілі толмауы себепті сот жұмыстары жүріп жатыр, – деді компания өкілі.
Сонымен, биыл күзде жол пайдалануға берілетіні рас па? Халықты толғандырған сауал осы болатын. «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілі жыл соңына дейін халық жол қозғалысының қиындығынан біршама құтылуы мүмкіндігін жеткізді.
– 2019 жылдың соңына дейін халыққа қолайлы жол қозғалысын беруге тырысып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, мердігер компания жұмыстар жасап жатыр бірақ жұмыс қарқыны баяулағаны өтірік емес. Оның себебі – күтпеген жағдайлардың әсері. Атап айтқанда, жобаға енбей қалған жұмыстар немесе жобада кеткен қателіктер бар. Одан бөлек жоба қабылданып, құрылыс басталған соң Алтын орда базарының маңындағы қоршауланып тұрған жердің барлығында бизнес орындары ашыла бастады. Сондықтан бастапқы жобада ол жерлерге кіріп-шығатын жолдар қарастырылмаған еді. Сол секілді қосымша жұмыстар пайда болып жатыр, – деді Н.Ақылтаев.
Айтпақшы, оның айтуынша ел арасындағы сөздер қисынға келмейді. Өйткені «қаражат жағынан ешқандай проблема жоқ. Мердігер компания қаншалықты жұмыс істесе, сондай көлемде ақысын алып отыр».
Кәмила ДҮЙСЕН