Ерлік ескерусіз қалмайды

Ерлік ескерусіз қалмайды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұма күні Панфилов ауданына барды. Осы аудандағы Талды ауылдық аумағында он күн бойы жалындап, айналасын жалмаған өртті өшіру кезінде үш адамның қаза тауып, жеті адамның түрлі күйік жарақаттарымен ауруханаға түскенін жұртшылық жақсы біледі. Ел білгенді мемлекет басшылығы мен облыс жетекшілігі де тұрақты назарда ұстаған. Қоршаған ортаны қорғау мен әріптестерін құтқару барысында жанқиярлық көрсеткендердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Облыс басшысы шалғай ауданға бұл жолы арнайы сапарында қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ауруханада жатқандардың жағдайын сұрап, ерлік көрсеткендердің мемлекеттік наградалары мен марапаттарын тапсырып қайтты.

Төтенше оқиға кезінде қаза тапқан Еркінбек Оспановтың қайғыдан қара жамылған шаңыра­ғына кірген Амандық Ғаббасұлы марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, әкесі Әбілхан Оспановқа батыр ұлына тиесілі «Ерлігі үшін» медалін табыс етті. Қаза тапқан орманшының соңында келіншегі мен бес баласы қалды. Әкім отбасының қалған мүше­леріне амандық тілеп, тиісті қол­дау мен көмектің барлығы жаса­латынын жеткізді.

Өртпен күрес кезінде алған аса күрделі күйік жарақаттарымен ауруханада жатқан орманшы Ғабит Мақсұтовқа да барлық қажетті жағ­дай жасалуда. Қазіргі кезде емде­лушіге керекті ем-дом көр­се­ті­ліп жатыр. Сәл сауыққан соң толықтай оңалтудан өткізіледі. Ғабит та облыс әкімінің қолынан марапатын алды.

Аудан активімен өткен жиында А.Баталов өзінің ауданға арнайы сапармен келгендегі мақсатын айта келе, өртті оқшаулап, сөнді­руге қатысқанның барлығына алғысын білдірді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығына сәйкес, қызметтік міндетін атқару кезінде батырлық пен табандылық көр­сет­кені үшін Панфилов ауда­ны, Талды ауылдық аумағы әкімді­гі­нің өртке қарсы ерікті құрамының мүшелері Айтқазы Немелтаев, Қанат Үсенбеков, Жаркент ор­ман шаруашылығы­ның қызмет­кері Еркінбек Оспанов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Өкінішке қарай, міндеттерін орындау барысында қаза тапқан мар­құмдардың наградалары олар­дың өздеріне емес, отбасы­ларына тапсырылды.

Сонымен бірге, Ішкі істер министрінің бұйрығымен өрт сөндіру кезінде қайсарлық пен жанқиярлық көрсеткен Жаркент орман шаруашылығы басшысы­ның орынбасары Бауыржан Түйебаев, орманшылар Бақтыбай Рахымжа­нов, Ғабит Мақсұтов, осы кәсіпоры­нның жұмысшылары Ле­нур Иман­баев, Руслан Мейір­манов, аудан тұр­ғыны Сәкен Қайратов «Өртке көр­­сеткен қайсарлығы үшін» меда­лі­мен марапатталды.

Амандық Ғаббасұлы актив со­ңын­да өртке қарсы күресте қаза тап­қан және зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек көр­сететінін тағы да қайталады. Бес баласы бар Қанат Үсенбековтің отбасына Жерұйық ауылынан үй беріледі. Айтқазы Немелтаевтың жанұя­сына баспана тұрғызуға жәр­дем жасалады. Еркінбек Оспановтың отбасына қатысты тұрғын үй мәсе­лесі де шешіледі.


Болат АБАҒАН 
Алматы облысы