Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атсалысуымен еліміздің 72 су айдынында «Аулардан таза су айдындары» экологиялық акциясы өтті.
Еліміздің теңіз, өзен-көлдерінің жағдайы халық жұмылып назар аударғанда ғана тазалығы мен тұнықтығын, қауіпсіздігін сақтай алатын жағдайға жетіп отыр. Бүгінде синтетикалық аулар арзан және қолжетімді болғандықтан, оларды пайдаланып заңсыз түрде балық аулайтын адамдар инспекторлардың тексеруі кезінде мұндай ауларды суға лақтырып, оңай құтылады. Осының салдарынан суасты мен жағалау аймағын синтетикалық материалдардан жасалған аулар қоқысқа айналдырған. Ұзақ уақыт шірімейтін бұл ауларға балық шырмалып жанталасып өліп жатқаны жасырын емес.
Экология министрлігі тарапынан қолға алынған акция Жайық, Қиғаш атты қос өзені бар Атырауда да өтті. Су айдындарын тазалауға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы қызметкерлері, әкімдік өкілдері, орман шаруашылықтары, экологиялық ұйымдар, белсенділер мен волонтерлер атсалысты.
– Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз, міндетіміз. Десек те, Экология министрлігінің осындай ауқымды акциясы қажет-ақ. Біздің облыста аталған акция өңірдегі барлық су айдынында – Атырауда, Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарында өтіп жатыр, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі Дамба инспекциясының басшысы Еламан Хабибуллин.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы мамандарының айтуынша, қытайлық «тажал» ауларға суда жүзетін құстар да тап болып, өлуі мүмкін. Бұл қоршаған табиғи ортаға және су биоресурстарына орасан зор нұқсан келтіреді.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша соңғы 3 жылда браконьерлер Солтүстік Каспийдің балық қорларына 254 млн теңге көлемінде шығын келтірген.
Акция барысында өзендерден жарты мың шақырымнан астам аумақ көлеміндей қытайлық аулар шығарылды. Жыл басынан бері Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдегі су айдындарынан, әрқайсысы 50 метрден кем емес, 1200-ден астам заңсыз ауды шығарып алды.
Қазіргі кезде балық уылдырық шашу үшін Жайықтың жоғары учаскелеріне бет алды. Индер, Махамбет, Атырау және Дамба инспекциялары бөлімдерінің инспекторлары өзенді түрлі аулау құралдарынан тазартып, балықтың өтуін қамтамасыз ету үшін күн сайын Жайықтың өздеріне қарасты учаскелерін сүзіп, тексеруде. Осындай жұмыстарды салалық инспекция Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде де жүргізіп жатыр.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, өңірде заңсыз түрде балық аулаумен күресу жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстар балық қорын сақтау мен өзен-көлдердің игілігі үшін жасалады.
Атырау облысы