Nur Otan партиясы Атырау облысы Исатай аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Халыққа көмек» жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға аудан әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Сисатов, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Кездесу барысында аудандық әділет басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығы, облыстық кәсіпкерлік палатасының Исатай аудандық филиалы, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімдері, т.б. сала басшылары тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Шара халыққа қолданыстағы заң шеңберінде құқықтық көмек беру мақсатында жүзеге асырылды.
– Қабылдауға келген тұрғындарға өздерінің көкейтесті сұрақтарына қолданыстағы заңдар аясында жауап беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Тұрғындар мәселесінің басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмектің қандай отбасыларға тиетіндігі, жұмысқа орналасу, тұрғын үйді кезексіз алу жайы болды, – дейді аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы.
Атаулы әлеуметтік көмектен айырылған тұрғынның сұрағына аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Рашид Мұқанов жауап берді. Ол өз кезегінде қаржылай көмектің кімге қалай тағайындалатынын, қандай жағдайда тоқтатылатынын, қайта алу жолдарын толық түсіндірді. Жаңа кәсіп ашу туралы, оған берілетін көмек түрлері мен жеңілдіктер жөнінде сұраған Аман Меңдіғазиев қабылдау барысында сауалдарына толық жауап алды.