14-29 жас аралығындағы әрбір қазақстандық жастардың өмірінің маңызды бөлігін жұмысқа орналасу мәселесі құрайды. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдау өтті.
Іс-шара «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында ұйымдастырылды. Акцияға 60-қа жуық жұмыс іздеуші азамат қатысты. Атап айтар болсақ, қабылдауда Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, партиялық фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов, қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, «Жұмыспен қамту» орталығының мамандары және жұмыс берушілер жұмыссыз жастарға кеңес берді. Қабылдауға келген азаматтардың көтерген жұмыссыздық, атаулы әлеуметтік көмек, несие алу мәселелеріне тиісті жауап берілді.
Жалпы, бағдарлама кәсіби білім беру кәсіптік оқыту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты үш бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 15 582 тұрғын жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту шараларымен 13 797 азамат, оның ішінде 9 365 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылса, 368 жас әлеуметтік жұмыс орындарына тұрақтаған. Ал ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 000-нан астам азамат жолданды. Бағдарлама шеңберінде 2 009 азамат жастар практикасына қатысса, 402 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыспен қамту-
дың белсенді шараларына жолдама берілді.