Әулиеатаның әйелдер қауымы барлық салада белсенді. Тіпті, соңғы жылдары нәзікжандылардың өңірдің өсіп-өркендеу жолында өзіндік қолтаңбасын айшықтап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені аян. Барлық саланың көсегесін көгертіп, бір қолымен бесігін, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер, әсіресе ауыл әйелдері жаңа кәсіп ашу үшін жұмысты неден бастау керек? Қандай кедергілер бар? Кеше Тараз төрінде өткен Жамбыл облысының ауыл әйелдерінің форумында осы және өзге де мәселелер тақыланды. Шараны облыс әкімдігі, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, G-Global халықаралық хатшылығы, Халықаралық Coca-Cola қорының қолдауымен EXPO&WOMEN халықаралық ұйымы ЗТБ ұйымдастырды. Форумның жоғары деңгейде өтуіне әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Президенті жанындағы ұлттық комиссияның қолдау көрсеткенін де айта кеткен жөн.
Ауқымды жиынның алдында журналистер үшін баспасөз мәслихаты өтті. Онда Мәжіліс депутаты, Республикалық ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина, Сенат депутаты, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, «Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ Басқарма төрағасы, Президент жанындағы жасыл экономикаға өту кеңесінің мүшесі, Форумды ұйымдастыру комитетінің мүшесі Салтанат Рымбекова ауыл әйелдері форумының маңыздылығын атап өтті.
Форумның ашылуында модератор, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп, дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін түрлі салаларда көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Аты аңызға айналған Ұмай, Домалақ, Қарашаш, ел анасына айналған Ұлпан, Абай атамыздың анасы Ұлжан, әжесі Зере мен Шоқанның әжесі Айғанымдай әжелеріміздің есімдері ғасырдан-ғасырға жетіп, халық жүрегінде жатталды. Заманында Тұмар мен Зарина ханшайымдар, беріде Бопай ханымдар, шығыстың жұлдыздары Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыз ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, батыр қыздардың өнегесін көрсетті.
Киелі Әулиеата жері де қашанда ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматтарын мақтан етеді. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ғасыр куәсі Мәрзия Ибрагимова, бақытын ерен еңбектен тапқан өңіріміздің даңқты Еңбек Ерлері Дариха Жантохова, Сындыбала Оңғарбаева, Тамдыкүл Жамбылова сияқты ардагерлеріміздің еңбектері ешуақытта да ұмытылмасы ақиқат.
Бүгінде облысымызда 1 миллионнан астам халық тұрса, оның 60%-ы ауылда тұрады. Оның жартысы – әйелдер. Олар әлеуметтік салада, орта және шағын кәсіпкерлікте, қызметтің түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүр. Мәселен, аудандық мәслихат депутаттарының 29-ы – әйел, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметкерлер. Әйел азаматтардың ауыл-аймақтарды дамытуда да рөлі айрықша. Олар ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын ілгерілетуде қомақты үлес қосып келеді. Сондай-ақ облыстағы 19 мыңға жуық шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Қазір олар ауылда тұрып-ақ табыс табуға болатынын жақсы біледі.
Биыл 393 әйел «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша 111 әйел шағын несие, 46 әйел қайтарымсыз грант алды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан нәзік жандылардың саны – 9725. Сонымен қатар облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен аймақ тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытында, үй іргесіндегі шаруашылықты және ауылдағы шағын кәсіпті дамыту мақсатында облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тарапынан үй іргесіндегі шаруашылықты тиімді пайдалануға қатысты жобалар жинақталып, есебі шығарылды. Бүгінде жалпы құны 497,7 миллион теңгені құрайтын 9 кәсіпорын екінші деңгейлі банктермен мақұлданды. Оның ішінде нәзік жанды азаматшалар басқарып отырған балабақша құрылысымен айналысатын «Жұмабекова», құс етінен өнімдер өндіретін «Бахадырқызы Мадина» жеке кәсіпкерлік нысандары бар. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға облыстық іскер әйелдер кеңесі де қомақты үлес қосып келеді. Кеңестің тікелей ұйытқы болуымен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары ашылуда. Қазіргі таңда Шу және Жуалы аудандарында бой көтерген аталған орталықтар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кәсіппен айналысатын әйелдерге қолдау көрсетуде.
Сондай-ақ демографиялық өсімді арттырудағы әйелдердің рөлі де аса маңызды. Биылғы жылдың 7 айының өзінде облысымызда 14678 нәресте дүниеге келді. Бүгінде облыста 44100 көпбалалы отбасы, 4416 «Алтын» және 9112 «Күміс алқа» иегері бар.
Бүгінгі күні Қазақстанның әйелдері отбасы ошағының сақтаушылары болып қана қоймай, болып жатқан өзгерістердің белсенді қатысушыларына айналды. Мемлекет әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жасауда. Қоғам санасындағы қазіргі заманғы әйелдің елдегі барлық саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық процесіне толық құқықтық қатысушысы ретіндегі өркениетті бейнесін қалыптастыру ең маңызды дүние. Қазіргі заманғы әйел – елдегі барлық саяси және әлеуметтік процестердің белсенді қатысушысы.
Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету – мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі. Ал бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға сіздердің, ауылда тұратын әйел азаматтардың қосатын үлесі зор. Сіздер бүгінде ауылдың шырайын келтіріп, тірлігіміздің берекелі болуына үлес қосып отырсыздар. Қай салада болмасын, батыл қадам жасап, кәсіби кемелділіктің, жауапкершілік пен табандылықтың тамаша өнегесін көрсетіп келесіздер. Қаймағы бұзылмаған өлкемізден ел абыройын қорғайтын намысты ұл-қыздарымыздың түлеп ұшуында сіздердің еселі еңбектеріңіз орасан, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы форум жұмысына сәттілік тіледі.
Бұған дейін ауыл әйелдерінің форумы төрт облыста өтіпті. Өткен жылы бірінші рет ұйымдастырылған республикалық Қазақстан ауыл әйелдері форумының өтуіне тікелей бастамашы болып жүрген Мәжіліс депутаты Майра Айсина өз сөзінде бүгінгі күні ауыл әйелдерінің әлеуеті жоғары екенін айтып өтті. «Бүгінгі шараға 150 жамбылдық әйел қатысуда. Ал кәсіп ашуға ынта танытып, ел берекесін тасытуға белсенділік көрсеткен әйелдерге қолдау көрсету – басты міндетіміз. Қалай дегенде де қазіргі күні ауылдағы әйелдердің де үлесі басым. Жұмысты ең төменгі сатыдан бастаған нәзік жандылар үшін гранттар бөлу мәселесі де бар. Оған жергілікті әкімдіктердің және меценаттардың да көмегі керек. Жалпы, «Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ ұйымы негізінен 2020 жылға дейін 5 миллион жұмыссыз әйелді жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударып отыр» деді осы істің суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрген Майра Арапқызы. Өйткені, ол осы бағытта жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Сенат депутаты болып сайланған Ләззат Сүлеймен осы аралыққа дейін әйелдерді қолдау бойынша қолға алынып отырған шаралар жалғасын табатынын айтты.
– Бәрімізде ауылда өстік. Қазір ауылдағы жағдай да жақсы. Жұмыс істеймін, кәсіп көзін табамын дегендерге қолдау бар. Сондықтан ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеруде азаматтық институт өкілдерін, ауыл әкімдерін тарту керек. Жоғарыда осы мәселені сөз еткен Майра Арапқызы жеті жылдан бері бұл іспен өзі айналысып келеді. Жұмыс бар, ширату керек. Сондай-ақ жақсы істің басында жүрген әйелдердің де жұмысын, тірлігін насихаттау керек. Қазір ауыл әйелдерінің жағдайын көтеру мақсатында Үкімет алдында да мәселе қойып отырмыз, – деді Ләззат Жаңылысқызы.
Форум пленарлық отырысқа жалғасып, қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Республикалық ауыл әйелдерінің форумына делегаттар сайланды. Сондай-ақ республикалық форумда ұйымдастырылатын «Менің жетістігімнің тарихы – 2019» шеруі аталымынан үміткер 6 әйел өз жетістіктерімен бөлісті. Өткен жылғы шерудің жеңімпазы «Ким А.Е» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анастасия Ким әлеуметтік жобаларды іске асыру ісіндегі тәжірибесімен бөлісті.
Жамбыл облысы