Таудағы өрт неден тұтанды?

Таудағы өрт неден тұтанды?

Алматыда өрт жиі болады. Бірде сауда үйлері өртке оранса, бірде тұрғын үйлерді қызыл жалын шарпитын. Осы жолы Көктөбеден өрт шықты. Тамыздың тамылжыған күнінде шаһардың Төтенше жағдайлар басқармасы аяғынан тік тұрған.

Тау бөктерінде бір күнде өрт үш мәрте жалын атып, соның алғашқысында-ақ 1000 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Түскі 14:30 шамасында тұтанып, жан-жағына әп-сәтте жайылып кеткен өртті сөндіруге шаһардағы Алматы гарнизонының жеке құрамы мен екі бірдей тікұшақ жұмылдырылған. Сол жердегі тұрғындардың айтуынша, өрт оқиғасы таудағы бәйшешек, қызғалдақ, эремурус сияқты гүл­дердің жойылып кетуіне әкеліп соғады екен. Осыдан 8 жыл бұ­рын да Көктөбеде тура осындай өрт болып, өсімдіктер қорына елеулі зиян келген. Бірақ сол жайында келелі зерттеу жасап, төтенше жағдайдың артық-кемін таразылаған сарапшыны кезік­тіру де қиын...

Таудағы үшінші өрт кешкі 8-дер шамасында басталған. Қас қарайып кеткен соң тікұшақтар көмегін пайдалану мүмкін бол­маған. Сол себепті, қалалық тө­тенше жағдайлар басқармасы үлкен қиындықпен тауға өрт сөн­діру көліктерін жеткізіп, 37 ар­найы техника мен су шашатын 28 көлік тоқтаусыз жұмыс істе­ген. Құтқару қызметінің айтуын­ша, өрт болған аумақ жеке тұр­ғын үй секторларына өте жақын орналасқандықтан, қауіп деңгейі жоғары болған. Мамандар тілсіз жаумен 4 сағат арпалысып, түнгі 12 кезінде қауіп-қатерді біржо­лата жояды. Ең қиыны – осы өрт оқиғасы кезінде белгісіз бір адамның мәйіті табылған. Қазір қалалық ішкі істер басқармасы аталған адам өлімі оқиғасына байланысты арнайы сараптама тағайындап, оның жеке басын және қалай көз жұмғанын анық­тау үстінде. Жалпы, Көктөбедегі өрт салдарынан 20 гектар жер жанып кеткен. Оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та барып, тұрғындар мен табиғат үшін қауіп жоқ екенін мәлім­деген. Кейінірек қалалық тө­тенше жағдайлар басқармасы да оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

– Алматыда таудың әртүрлі бөктерінде болған екі күрделі өртті сөндірдік. Оның бірі – шығыс айналма жолы маңында болса, екіншісі Көктөбеде тұ­танған. Өртті сөндіру үшін авиа­ция күштері жұмылдырылды. Жалпы өртті өшіруге 115 адам мен 15 техника араласты. Тамыз айының орта шені шөптің қурай­тын, сөйтіп тез өрт шығуға бейім болатын кезең, – дейді Алматы қалалық ТЖД басшысының орын­басары Ерлан Әлібеков.


– Көктөбеде шыққан өрт тау баурайындағы табиғи биоалуантүрлілікті жойып жібереді. Бұл табиғаттағы эко жүйенің бұзылуына әсер етеді. Екіншіден, өрт кесірінен ауа ластанып, бұл тұрғындардың тыныс жолына, жалпы денсаулығына зиянын тигізеді. Басшылық шөп қурайды, сосын өрт шығады деп ақталады. Ал, шын мәнінде, тиісті органдар шөптің қурау маусымын алдын ала бақылап, назарға алуы керек. Өрт шығуы мүмкін аймақтарды жиі-жиі тексеріп, оған жол бермеуі қажет еді, – дейді белгілі эколог Азаматхан Әміртай.


Сарапшылардың айтуынша, тауда болған кез келген өрт эко­логияға орасан зиян әрі ол жер­дегі флора мен фауна әлеміне зардабын аямай тигізбек. Олар­дың сөзінше, шөптің қурауы 
да – өрттің тізгін алып кетуіне еш сылтау емес.

– Көктөбеде шыққан өрт тау баурайындағы табиғи биоалуан­түрлілікті жойып жібереді. Бұл табиғаттағы эко жүйенің бұзы­луына әсер етеді. Екіншіден, өрт кесірінен ауа ластанып, бұл тұр­ғындардың тыныс жолына, жалпы денсаулығына зиянын тигізеді. Басшылық шөп қурай­ды, сосын өрт шығады деп ақ­талады. Ал шын мәнінде тиісті органдар шөптің қурау маусымын алдын ала бақылап, назарға алуы керек. Өрт шығуы мүмкін аймақ­тарды жиі-жиі тексеріп, оған жол бермеуі қажет еді, – дейді белгілі эколог Азаматхан Әміртай.

Ал «Байтақ Болашақ» эколо­гиялық одақ» респуб­ликалық қо­ғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы филиалының же­текшісі Әділқасым Жарыл­қасынұлы келешекте өрт қаупі туындауы мүмкін таулы аймақ­тардың тізімін жасап, арнайы база құрып, бақылау жүргізу керек деген пікірде.

– Көктөбеде «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер бар. Өрт кезінде олар да жанып кетеді. Өртті қанша жерден табиғи апат деп қарастырғанымен, осындай өрт туындауы мүмкін аймақтардың тізімін жасап, әкімдік ол жер­лерді ерекше бақылауға алуы керек деп ойлаймын. Бутаковка, Ақсай, Солдатсай шатқалдары, Медеу аймағы, басқа да осындай таулы өңірлерді жиі қадағалап, өрт туындатуы мүмкін фактор­лардың жолын кескен жөн. Бәл­кім, ол үшін аталған орын­дар­ға арнайы экологиялық бекеттер де салу керек, – дейді маман.


Осы оқиғадан кейін «Қазгид­ромет» өртке жақын аумақтағы ауа құрамын тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның нәтижесі бо­йынша азот диоксидінің рұқсат етілген концентрациясы 1,2 дең­гейінен асып кеткен. «Сонша­лықты қатты ластану болмаған. Ең жоғарғы шегі – 20-деңгей. Ал біздің жағдайда 10-мен тоқтап тұр» деп мәлімдеді «Қазгид­ро­мет».

Оқиғаға мән бере отырып, екі негізгі фактор қалқып шы­ғып, көзге ілінетінін байқаймыз. Бірі – біздің төтенше органдар­дың кеш қимылдауы. Сөз жоқ, олар өртті өшірді. Ешкімге залал тиген жоқ (қайтыс болған бел­гісіз адамнан басқа). Тұрғын үй секторы өрттен аман қалды. Тағы бір мысал, біздің тиісті органдар жер сілкінісін де жер сілкініп болған соң хабарлайды. Оқи­ға­ның алдын алу, жолын кесуге келгенде шарасыз екенімізді мо­йындау керек-ақ. Екінші фак­тор – азаматтардың жауап­кер­ші­лігі. Тауға шыққан тұрғындар қоршаған ортаға қалай болса солай қарайды. Аттап бассаңыз, босаған бөтелке мен темекі қал­дығын кезіктіресіз. Үлкен өрттің басталуына осындай болмашы жағдайлар әсер етуі де бек мүмкін ғой. Сондықтан қос тараптың да түсінісуі, әркімнің өз жауапкер­шілігіне берік болуы – табиғат апаты мен ондағы шығын көле­мін де азайта түсер ме еді.ф