Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында күйдіргіге (сибирская язва) қатысты карантин жарияланды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша ауылдың 5 тұрғыны ауруханаға жатқызылған. Бұл – еліміздегі алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де, құс тұмауы, басқа да белгілі немесе белгісіз аурудан жануарлар мен құстар қырылып, дабыл қағылып, бірнеше ауылда карантин жарияланған болатын. Дегенмен осындай жағдайлар орын алып жатса да, ауыл шаруашылығын едәуір ақсатып тастайтын дүрбелеңді болдырмау жолына қашан жететініміз белгісіз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 16 тамызда аталған ауылдан алынған сынамалардың нәтижесінде алдын ала күйдіргі диагнозын қойып, 17 тамыздан бастап ауылда карантин жарияланды. «Шұғыл түрде Аршалы ауданының аумағында күйдіргі ауруының ошақтарын жою бойынша штаб отырысы өтіп, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, денсаулық сақтау басқармасының, жергілікті полиция қызметінің іс-қимыл жоспары қабылданды. Күн сайын жануарларға комиссиялық тексеру жүргізіледі», – дейді мамандар. Жауапты саланың мамандары Ольгинка ауылының барлық малы сәуір айында күйдіргіге қарсы егілгенін айтуда. Олар «Ветеринариялық қағидаларды бекіту туралы» АШМ 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық-санитариялық қағидалардың 1 параграфының 145-22 тармағына сәйкес, күйдіргі бойынша карантин инфекция жойылғаннан және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін 15 күнтізбелік күн өткеннен кейін алынады. Шамамен қыркүйектің бірінші онкүндігінде карантин алынып, мал мен өнімді тасымалдауға рұқсат етіледі.
Айта кетейік, бұдан үш жыл бұрын дәл осындай жағдай 2016 жылдың 26 маусымында Қарағанды облысы Шет ауданындағы Еркіндік ауылында болып, күйдіргі індеті кесірінен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түйнемеге күдікті 8 адам жатқызылған, оның ішінде 10 жастағы бала да бар болатын. Олардың екеуі – 33 жастағы әйел мен 49 жастағы ер адам қайтыс болды. Олардың бәрі де – Шет ауданындағы Еркіндік ауылының тұрғындары. Ал ауылда төтенше жағдай енгізіп, он бес күнге карантин жарияланған болатын. Кейін анықталғандай, ауыл тұрғыны күйдіргіге шалдыққан сиырын сойып, туыстары мен көршілеріне таратып берген.
Ал 2005 жылы Қазақстанда құс тұмауы Ақмола мен Қарағанды облыстарын әбігерге салған болатын. Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі, құс тұмауының соңғы фактілері тіркелген Ақмола облысындағы Үшсарт ауылында 2 745 үй құсының көзі жойылғанын, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Тұмсық ауылында 332 үй құсы залалсыздандырғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұдан үш жыл бұрын дәл осындай жағдай 2016 жылдың 26 маусымында Қарағанды облысы Шет ауданындағы Еркіндік ауылында болып, күйдіргі індеті кесірінен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түйнемеге күдікті 8 адам жатқызылған, оның ішінде 10 жастағы бала да бар болатын.
Биыл да ауылдағыларға оңай болмай тұр. Жақында Атырау облысының Жылыой ауданында түйенің жаппай қырылуы тіркелді. Аймақта 25-ке жуық түйе арам қатқан. Мамандардың сөзінше, түйелерден ешқандай ауру белгісі байқалмаған, кешкісін жайылымнан келген мал таңертең өліп қалған. Алғашқы мал өлімі Ақкиізтоғай ауылында тіркеліпті. Бұдан басқа Құлсары қаласы маңындағы Жадырасын жайлауында да мал өлімі болған. Салаға жауап беретін мамандар жұқпалы ауру тарауы мүмкін емес деген болжам да айтты.
«Алдын ала диагноз шөптен улану деп қарап отырмыз қазір. Жұқпалы ауру жоқ деп отырмыз. Шөптен уланды немесе бір нәрсе шағып жатыр ма деп ойлап отырмыз. Сондықтан кенеге қарсы өңдеу жасап жатыр», – деген болатын Атырау облысы Жылыой аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Данияр Айтпенбет.
Ал нақты болған жағдайға арнайы зерттеу керек, ол үшін сол жердегі жайылым шөбі, өзен-сулардан сынаптама алынып арнайы зертханаларға жіберілуі тиіс. Бізде дұрысы жіберіледі де, бұрысы нақты нәтиже қашан шығатыны белгісіз қалуы, немесе нәтиже шыққанымен күндер өтіп, болған жағдай ұмытылып кеткен уақытта, бұл нәтиженің айтылмай қалуы жиі кездеседі.
Міне осылай, күйдіргіге қарсы егу жүргізілді дейді мамандар. Олай болса, бұл ауру қайдан келген? Кім кінәлі? Сол малдың иесі ме? Әлде, ауылдық жерлерде мал дәрігерлерінің жетіспеушілігінен бе? Мүмкін егілді деген жалған ақпарат па? Ауыл шаруашылығына жауап беретін мамандар өз жұмысына мұқият болса, мұндай жағдайлар қайталана бермес еді. Әлде, бұл жолы да дүрлігіп қана қоя саламыз ба?
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ