Экономика саласының Толағайы

Экономика саласының Толағайы

«25 шілдеде жүрегі тоқтап, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев 82 жасында қайтыс болғанын терең қайғыра оты­рып хабарлаймыз. Жаппай та­раған ауру өкінішке қарай, біздің отбасыға да жетті», – деп мәлім етті Сағадиевтер отбасы­ның мү­шелері. Оның туған-туыстары К.Са­ғадиевпен қоштасуға арналған барлық шара бір жылдан соң, 2021 жылғы 25 шілдеде ұйымдас­тырылатынын жеткізді. Акаде­мик көз жұмар алдында осыны өсиет етіпті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Кенжеғали Сағадиевтің қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол К.Сағадиевтің ұзақ жыл түрлі жауапты қызметтерді атқарып, үлкен экономист ғалым ретінде өзінің бар білімі мен ұйым­дастырушылық мол тәжірибесін Отанымызды өркендетуге, тә­уелсіздігімізді тұғырлы етуге арнағанын атап өтті. «Кенжеғали Әбенұлы абы­ройлы қызметі мен бойындағы азаматтық асыл қасиеттерінің арқасында халқымыздың лайық­ты құрметі мен қошеметіне бө­ленді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сене­мін», – деді Елбасы. Ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев та аса көрнекті ға­лым, белгілі қоғам қайраткері, Қа­зақстанның Ғылым акаде­миясының бұрынғы президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлының дүние салуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. «Кенжеғали Әбенұлы мем­лекетімізді дамыту ісіне мол үлес қосты. ҚР Ғылым академиясына және Қазақ мемлекеттік аграр­лық университетіне басшылық жасады. Парламент Мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болып, отандық заң­наманы жетілдіруге атсалысты, ұзақ жылдар бойы ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Артында өшпес із, ұлағатты ұрпақ, ғы­лыми мұра қалдырды. Марқұм­ның жаны жәннатта, иманы са­ламат болсын», – деді Қ.Тоқаев. К.Сағадиев қазақ елі қуғын-сүргіннің құрсауына түскен ала­сапыран шақта, 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданының Ақкөл ауы­лында өмір есігін ашыпты. Хал­қымызға келген нәубетке бала кезден куә болған, өзі де бастан өткерген ол ержете келе, «қайт­сем, ұлттың ұпайын түгендеп, дәулетін еселеймін?» деп, ұдайы ізденіске, экономика саласына ден қойды. Бұл қазақ баласы көп құлаш ұра бермейтін ғылым түрі саналатын. Содан ол 1960 жылы Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің эконо­микалық факультетін, ал 1966 жы­лы Плеханов атындағы Мәс­кеу халық шаруашылығы инс­титутының аспирантурасын бітіріп шықты. Кейін экономика ғылымдарының докторы, ака­демик атанды. Кенжеғали Әбенұлы ғалым ретінде халықаралық деңгейде де танымал: Нью-Йорк ұлттық ғы­лым академиясының, Америка экономист-ғалымдары қауым­дас­тығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының, Халық­аралық жоғарғы мектеп акаде­миясының академигі атағына ие. Бертінде Қазақстанның 5 ірі жо­ғары оқу орнына басшылық етті. Парламент Мәжілісінің үш­ін­ші (2004-2007 жылдар) және төртінші (2007-2011 жылдар) ша­қырылымының депутаты бол­ды, палатаның Қаржы және бюджет комитетіне төрағалық етті. Кенжеғали Әбенұлы 2007 жылғы еліміздегі консти­туция­лық реформаға, Парламенттің құзыретін және рөлін күшейтуге белсенді атсалысты. «Әлеуметтік-экономикалық сала тізгіні тапсырылатын бас­шыларды тағайындағанда депу­таттардың пікіріне сүйенсе, біз­дің көзқарасымызды есепке ал­са, өте дұрыс болар еді. Өйткені тек Үкімет қана емес қой ел қа­мын жасайтын! Біз де сол салалар мәселесімен тікелей айналы­са­мыз, олардың кем-кетігін жетік білеміз. Әрбір заңды талқылау барысында қай саланың кемшін жағы бар, ал қайсысының оңды тұсы жетерлік, осы бағыттағы мәселелерді шешуге қай ми­нистр­дің қабілеті көп, қайсысы­ның ыңғайы жоқ – осының бәрін біліп, ойға түйіп отыра­мыз», – деп академик ағамыздың конституциялық жаңғыруға қатысты ұсыныс айтқаны есте. Қазақстанда барлық шенеу­ніктер миллиардтаған мұнай доллары тасқынының эйфория­сына бөленген заманда «қара алтынға» тәуелділіктен кету, экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесін азайту, шағын және орта бизнесті дамытып, экономика ұстынына айналдыру керегін алғашқылардың бірі болып көтерген де Кенжеғали Сағадиев еді. «Ел экономикасы шикізат саласына тәуелді. Осы сектор 2004 жылы күтілген табысты әкелген жоқ. Саладан корпора­тивті табыс салығы жоспар­да­ғыдан 13,36 миллиардқа кем түсті. Ол - ол ма, барлық сала бо­­йынша республикада тіркел­ген 200 мың корпоративті табыс салығын төлеушінің тек 60 мыңы ғана қазынаға салық аударады. Яғни нарықтың 30%-ы ғана! Бүкіл салық төлеушінің үштен бірі 100 доллардан аз салық төлейді. Мемлекеттік акциялар пакеті бойынша бюджетке берілетін дивидендтерді 2004 жылы 13 ұлттық компанияның тек бесеуі ғана қамтамасыз ет­кен. Дамыған елдерде экономи­каға тірек болып отырған шағын және орта бизнес Қазақстанда қалыптаспады және бюджеттің негізіне айналмады», – деді академик-депутат 2004 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі тыңдалғанда. Ол Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы ретінде Үкіметтен ел қаражатын босқа шашпауды, халық игілігіне жаратуды, бюджетті толық иге­руді талап етумен болды. «Эко­номикалық тұрақты өсім пайда болғалы Үкімет пен әкімдер бюджеттік дисциплинаны на­шарлатып жіберді!» деп қатты сынап жүрді. Кенжеғали Сағадиев парла­ментаризмнің дамуына да сүбелі үлес қосты. Депутат бола салы­сымен, жаңа тәжірибе енгізді: Үкіметтен бюджет жобасын әкелгенде, онымен бірге ел қар­жысына жаңадан салынатын барлық нысандардың тізбесін қоса енгізуді талап етті және соны орындатты. Нәтижесінде, депутаттар нақты қандай қала, аудан, ауылда мектеп, аурухана және басқа да нысандар тұр­ғызылатынын нақты білетін болды. Әйтпесе, бұрын бюджет жобасы «ауыз суға бәленше млрд, автожолға түгенше млрд теңге» деген қасаң цифрлардан ғана құралатын, депутаттар сұ­ра­маса, егжей-тегжейін айт­пай­тын. Академик негізін салып кеткен бюджеттік жоспарлаудағы сол тың бетбұрыс қазіргі кезде де қапысыз сақталып, елдің ілгері­леуіне ықпал етуде. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетін К.Сағадиев басқарған тұста Парламент заң қабылдап, Елбасы бастамасымен Ұлттық қорды қалыптастырды: мұнай-газдан және металдан түскен ылан-ойран табыс бюд­жетке соқпай, сол қорға құйыла бастады. Бұл академик ағамыз айтқан «қара алтынға» тәуел­діліктен құтылудың бір қадамы болатын. К.Сағадиев депутат ретінде аса беделді еді. Оның кабинетіне, қабылдауына экономика, қаржы министрлері имене, иіле кіретін. «ДСҰ-ға кіруге келіссөздер жүргізудеміз. Министрлерге айт­тым: сендер ең алдымен болатын шығынды есептеңдер, сосын ол шығыннан қалай құтылып ке­тудің жолын іздеңдер деп...» деуші еді бізбен сұхбатында. Кенжеғали Әбенұлын жур­налистер депутаттар арасындағы жалғыз академик қана емес, сондай-ақ ұлтжанды азамат ретінде білетін. Жазғы демалыста қалаулылар шетелдің жағажа­йына жамырағанда, Кенжеғали Сағадиев қаншама жыл қата­ры­нан отандық Алакөлге аттана­тын. Енді Кенжеғали Әбенұлы­ның рухы пейіштің төрінде дамылдағай!  

Айхан ШӘРІП