Nur Otan партиясының бастамасымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясы белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Еліміздің әр аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық қайырымдылық акциясына елорда кәсіпкерлері де атсалысып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында өткен «Мектепке жол» акциясы аясында Nur Otan партиясының Астана қалалық филиалы Есіл ауданындағы көмекке мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетті. Айтулы шараны ұйымдастырушылар және «Казспецэкспорт» РМК Корпоративтік департаментінің директоры – «Мәңгілік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ерсін Оразаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Арман Шамшин бастаған демеушілер мектеп жасындағы 70 шақты ұл мен қызға мектеп құралдары салынған сөмкелерді сыйға тартты.
Кездесу барысында Nur Otan партиясының «Есіл» аудандық филиалының консультанты Әділет Сапкұлов балаларға жаңа оқу жылында табыс тіледі.
– Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау оңай жұмыс емес. Бұл орайда «Мектепке жол» акциясына үміт артып отырған көпбалалы отбасылар көп. Көмекке мұқтаж жандарды, оның ішінде балаларды мейірім шуағына бөлейтін осындай қайырымдылық акциялары өңірлерде көптеп ұйымдастырылса деген тілек бар. Балалардың қуанышы – біздің қуанышымыз. Сондықтан акцияға белсенді түрде атсалысып, бүлдіршіндерді қуантуға асығайық, – дейді ол.
Акция кезінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың тізімі жасалып, мектепке қамтылмай қалған балаларды анықтау, мектепке бармауды болдырмау мақсатында рейд жүргізілген болатын.
Мектепке қажетті жабдықтар салынған сөмкелерді сыйлыққа алған балалар салтанатты шарадан соң Happylon орталығының ойын аттракциондарына барды. Жаңа оқу жылының алдында балаларға жарқын көңіл күй сыйлаған қайырымдылық акциясынан оқушылар көңілді, ата-аналар да риза болып тарқасты.