Қазақстанда құрбандық қашықтан шалынады

Қазақстанда құрбандық қашықтан шалынады

Құрбан айт мерекесі Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. – Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылды. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады, − деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. – Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде малды өзіміз таңдап, қасапшының жанына барып өзіміз союға мүмкіндік болмай тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым, пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық, – деді Бас мүфти.   Құрбандыққа шалынатын қой бағасы 50 мың теңге Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты құрбандық шалуға тапсырыс беру және мұқтаж жандардан өтініш алу онлайн режимде жүзеге асады. Діни басқарма жанынан qurban2020.kz/kk/ сайтына қазір адамдар тікелей өтінішін беріп жатыр. Бүгінгі күні елордада 2,5 мың адам етке мұқтаждығын айтып, өтініш білдірді. Қазір 150 қой және 5 ірі қараға өтініш бар. Бұл сайтта құрбандық шалуға ниет етумен қатар, етке мұқтаж адамдарға да жағдай қарастырылған. ҚМДБ «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров: – Еліміздегі барлық өңір бойынша қазіргі кезде етке мұқжат жандардың саны өте көп. Ал қазіргі жағдай бойынша сойылатын мал саны аз болып тұр. Сайт арқылы өтініш толтыруда қателік жіберіп жатқандар бар. Мысалы, ет аламын деудің орнына қой соямын деп өтініш толтырған. Кейін операторлар хабарласса, қой соймайтынын, керісінше етке мұқтаж екендерін айтыпты. Осы ретте, өтініш көп болып кетті деп тоқтатып қоюға да болмайды. Ет жеткенінше барлығына таратылады. Осы ретте, бір адам бірнеше адамның атынан өтініш беруі мүмкін. Осыған жол бермеу үшін мамандар тиісті қадағалау жүргізеді, − дейді Т.Омаров. Ескеретіні, өтініш толтырған кезде көмекке мұқтаж жандар әлеуметтік статустарын міндетті түрде жазу керек. Мысалы, көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі отбасы, асыраушысы жоқ я болмаса жалғызбасты ана деген сияқты мәліметтер жазылуы тиіс. Бірақ Т. Омаровтың айтуынша, өтініш бергендердің тең жартысынан көбі бұл санаттарды толтырмаған. Десе де, қажетті мәлімет толық берілмеді деп өтініш бергендерді алып тастауға тағы болмайды. Белгілі болғандай, жылдың аяғына дейін өтініш бергендердің барлығы көмекпен қамтылады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов арзан қойлардың шариғат талабына сай келмейтінін айтыпты. Елордадағы базарлардағы бағаны зерттей келе, орташа баға 50 мың теңге деп есептелінген, ал сойылатын ірі қараның бағасы 350 мың теңге. Былтыр қойдың ең қымбат құны – 40-50 мың теңгенің шамасында ал ірі қараның бағасын 315 мың теңге межесінде болған екен. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынатын мал аурушаң, әлсіз болмауы шарт. Қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа шалынатын мал қатарында. Алайда қой мен ешкі кемінде 1 жасар, сиыр кем дегенде екі жасар, ал түйе кемінде бес жасар болуы тиіс.

Еркежан АЙТҚАЗЫ