28 тамыздан бастап жолаушылар пойызында шылым шегуге тыйым салынады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры Едіге Мыханов «Қазақстан темір жолы» АҚ бас ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
– 2019 жылдың 28 тамызында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жолаушылар тасымалы, қол жүктері мен пошта жөнелтімдері ережелеріне енгізілген өзгерістер өз күшіне енеді. Жаңа ережеге сәйкес, жолаушылар пойызында шылым шегуге тыйым салынады. Бұған дейін тамбурда шылым шегуге рұқсат берілетін. Көптеген арыз-шағымнан кейін жалпы пойызда темекі тарту тоқтатылады, – деді ол.
Оның айтуынша, шылым шеккісі келген жолаушылар вокзал перронындағы арнайы орындарға баруы тиіс екен.
Темекінің иісін сезген кез келген жолаушы 1433 байланыс нөміріне хабарласып, шағым қалдыра алады. Оның үстіне, Тальго пойыздары герметикалық материалдан жасалған, темекінің иісі барлық купеге таралуы мүмкін екен. «Жолаушылардың кері байланысы арқылы заңбұзу-шылықтармен күресеміз». Осылай деген компания өкілдері, егер пойыз ішінде шылым шегу фактісі анықталған жағдайда акт толтырылып, желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері шақырылатынын жеткізді. Одан кейін хаттама толтырылып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабы «Тасымал ережесін бұзу» бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады екен. Яғни, пойызда темекі тартып ұсталсаңыз 12 625 теңге дайындай беріңіз!