Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Саяси кеңес бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиында күн тәртібіне сәйкес партия бағдарламаларының орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту мен алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары қаралып, Саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Отырыс барысында Елбасы барлық азаматтарды мемлекеттің өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды. Сондай-ақ ел аймақтарындағы азаматтардың проблемаларын шешуде партияның жұмысын жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. Nur Otan партиясының Төрағасы бірінші кезекте Қоғамның партияға сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдаудың маңыздылығына баса назар аударды.
– Бүгін біз ел дамуының негізгі бағыттары бойынша біраз мәселе туралы айтатын боламыз. Партия мүшелерінің қатысуымен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, облыстардағы филиалдардың жетекшілері қатысып отыр. Биыл партиямыз үшін, еліміз үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Екі съезд өткіздік, партиямыздың 20 жылдығын атап өттік. Маусым айында Президент сайлауында біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті, – деді жиынды кіріспе сөзімен ашқан Елбасы.
Кеңесте Nur Otan партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.
– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуі тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті жиында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін тиісті шара қабылдауды, партия органдарының әлеуетін арттыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
– Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, партия Төрағасы халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін тиісті шара қабылдау керек екенін баса айтты.
– Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді Nur Otan партиясының Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның жүзеге асырып отқан сәтті жобаларына оң бағасын беріп, олардың ішінде «Ардагерлерді ардақтайық» секілді игілікті жобалардың да бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кеңес отырысында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының маңыздылығы да айтылды.
– Көпбалалы аналар үшін «Бақытты отбасы» деген орталықтар ашылуда. Көбейтіп, солардың жұмысын жүргізу керек. Осындай тәжірибелерді жаппай енгізген жөн. Мәселен, «Мирас» қоғамдық кеңесінің әлеуетін пайдаланып, зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру керек. Зиялы қауым дегеніміз отырып алып, мен жазушымын немесе композитормын деп, тек сынауменен ғана болу керек пе? Зиялы қауым – халықтың алдында жүретін, жол көрсететін бастаушысы болуы керек, – деді Елбасы.
Отырыс барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және «Жас Отан» Жастар қанатының көшбасшысы Дархан Кәрібек сайланды.
Жалпы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бірқатар көпшілікті алаңдататын көкейтесті мәселелер талқыланып, кемшіліктер сараланды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жобаларды тиімді жүзеге асырудың және Үкімет пен Nur Otan партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығына тоқталып, бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін бекіту жайлы партия аппаратына бірқатар тапсырмалар жүктеді.