22 тамызда Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Онда бағдарламаны іске асырудың екі жарым жыл ішіндегі қорытындысы қаралды және алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Үкіметтің кезеңдік іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасуда. Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Ақпараттық жұмыс жөніндегі 4 топ жұмыс істейді.
«Жаңа гуманитарлық білім» жобасы бойынша Cambridge University Press, Oxford University Press және басқа да ірі халықаралық баспалармен бірігіп, философия, саясаттану, дүниежүзілік тарих, экономика, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, ориенталистика, педагогика және басқа да ғылымдар бойынша 48 оқулық қазақ тіліне аударылып, шығарылды. Оқулықтар еліміздің 113 жоғары оқу орынына жеткізілді. Кітаптардың электронды нұсқасы еркін оқу үшін «Қазақстанның ашық университеті» порталында орналастырылды.
«Туған жер» жобасы бойынша 10 мыңнан аса меценаттың қатысуымен 1 800 мәдениет, білім, спорт нысаны жаңадан салынып, 1,5 мың нысан қайта қалыпқа келтірілді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша тарихымызда тұңғыш рет Қазақстандық поэзия мен проза антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шықты. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы бойынша 28 тарихи нысан қайта қалыпқа келтіріліп, ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Қазақстандық қоғамдық даму институты және өңірлерде жобалық офистер құрылды.
Тамыз айының соңында «Музейдегі түн» жобасы іске қосылады, онда қазақстандықтар әр айдың төртінші сенбісінде сағат 21-ден 3-ке дейін елдімекендегі музейлердің бірін тегін аралай алады. Жаңа телевизиялық маусымда республикалық эфирге мәдениеттану сипатындағы радио және телевизиялық бағдарламалар циклы эфирге шығады.
2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осыған байланысты Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мемлекеттік органдарға студенттердің қоғамдық пайдалы қызметіне қолдау көрсету шараларын қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Айбике ЖАНАСЫЛ