Ерлан Саиров, саясаттанушы: Барлығы адам және адамның игілігі үшін...

Ерлан Саиров, саясаттанушы: Барлығы адам және адамның игілігі үшін...

Қазақстанның қоғамдық һәм саяси өмірінде өзінің маңызды орнын еншілеген Nur Otan партиясы жақында саяси кеңестің отырысын өткізіп, келешекке бағдар болар көптеген мәселені айқындады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шешілуі қажет түйткілдерді тізбелеп өтіп, партия басшылығы мен мемлекет бас­шылығы атқаруы тиіс тапсырмаларды да ашып айтты. Осы орайда саясаттанушы Ерлан Саиров ағамызбен сөйлесіп, алдағы уақытта партия жұмысы қалай өрбуі керек деген мәселеге кеңінен тоқталған едік.

– Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында бірқатар маңызды мәселе айтылды. Сіздің көңіліңізге жаққан, ең тиімді тұстары деп қайсын айтар едіңіз? Ұсыныстарыңыз қандай?

– Билеуші партияның трансформация жасауы өте қажет. Өйткені Қазақстанның қоғамы және қоғамдық қатынастар өзгеріп кетті. Осы орайда бас партия бүгінгі күн тәртібіне сәйкес екенін, халықтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өтей алатынын көрсету керек. Сол себепті, саяси кеңестің күн тәртібі – қоғамның қажеттіліктеріне сай болу стратегиясы деп айтуға болады. Сондықтан партияның өз ұстанымы мен бағытын қайта қарауы – заңды құбылыс. Билеуші партияның алдында әрқашан екі мақсат тұрады. Біріншісі – халықтың әл-ауқатын арттырып отыру, екіншісі – халықтың әлеуметтік-психологиялық ауа райына сәйкес келу. Бұл – өте қиын. Бұл ретте Nur Otan партиясының алдында аса ауқымды жұмыс тұр деп айта аламыз. Саяси кеңес отырысында біраз өзгерістер жайлы айтылды. Соның өзектілерінің бірі – парламенттік фракция жұмысын жетілдіру. Фракцияның жұмысы жан-жақты болуы керек, сонымен бірге, әлеу­меттік, экономикалық саладағы әртүрлі министрліктер жауапкершілігі де әрдайым партия бақылауында болғаны дұрыс. Себебі, қазір халықтың әлеуметтік мәселелері өте күрделі болып отыр. Сонымен қатар аймақтарда, оның ішінде өңірлік мәслихаттарда партия жұмысын сапалы ете түсу – аса маңызды. Мәслихаттың көбінде Nur Otan мү­шелері отырса да, сол мәслихаттардың жергілікті әкімнің ыңғайына жығылып кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Әкімнен басқа жергілікті жерде қоғам бар, азаматтар бар, әртүрлі түйткілдер бар. Сондықтан аймақтық фракциялар өз жұмыстарын қайта қарауы керек. Сондай-ақ Nur Otan – номенклатураның, яғни министрлер мен әкімдердің партиясы деген стереотип бар. Соны бұзып, партия халық­қа жақындай түсуі керек. Бұл ретте партияға тың күштер тар­тып, оның ішінде әлеуметтік желіні де өз ыңғайына қа­рай пайдалану өте маңызды дер едім. Сол кезде барып пар­тияның бет-әлпеті өзгереді.

– Партияға халық тарапынан түрлі сыни пікірлер де айтылады ғой. Соңғы уақытта елімізде біраз жағдайлар да болды. Сондай кезде партия қандай ұстанымда болып, қандай көзқарас танытуы керек? Жедел түрде пікір білдіріп, мәсе­леге тікелей араласуы керек пе?

– Әрине. Мәселен, Атырау, Қа­­рағанды облыстарында түрлі әлеуметтік жағдайлар болды. Сондай мәселелер туындаған кез­де партия белсенді түрде өз көз­қарасын жариялап отыруы керек. Сол жерге барып, ұжым­дағы мәселені терең зерделеп, тезірек шешімін табуына атса­лысуы қа­жет. Партияның қолын­да ресурс көп. Соны тиімді пай­далануы ке­рек. Сосын болашақта Қазақ­стан­ның қай жерінде қан­дай әлеуметтік қиындықтар туын­дауы мүмкін. Соларды ал­дын ала зерт­теп, шешу жолдарын қарастырып қойғаны жөн. Ха­лықпен тығыз араласуы керек. Сонда ғана ол келешекке болжам жасай алады, болуы мүмкін проб­лемалармен уақытынан бұ­рын күресе алады. Сондай кезде халықтың да пар­тияға деген сенімі артады. Түптеп келгенде «Барлығы адам және адамның игілігі үшін» деген ұста­нымды қолға алуы керек.

– Бұдан былай мәжілісте де, мәслихатта да партиялық тізіммен сайлау болатыны айтылды. Яғни, пропорционалды жүйе бойынша. Бұл ретте партия аталған жүйенің әлемде кең таралған жүйе екенін айтады. Осыған қатысты не айтасыз?

– Негізінде еліміздегі қоғам­дық жүйеге бірқатар реформа жа­сау керек. Менің ойымша, про­пор­ционалды жүйемен қатар ма­жоритарлы жүйені қалдыруды да қарастыру керек сияқты. Бұл ту­ра­сында халық арасында әлі дис­куссия жасаған жөн секілді. Қажет болса аралас жүйе бо­йын­ша де­путаттар сайлауды да ой­ластыру ке­рек шығар. Енді ол – болашақ­тың шаруасы. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де бұл мәселе қарастырылады деп ойлаймын.

– Партия Төрағасының Бі­рін­ші орынбасары Бауыржан Байбек бұл қызметті бұған дейін де атқар­ған. Ендігі кезекте партия өмірінде қандай жаңалық болуы мүмкін және өзіңіз не күтесіз?

– Бауыржан Байбек – өте жақсы менеджер. Алматыда әкім болған кезде де халық үшін тиімді шаруаларды жүзеге асыр­ды. Халық пен билік арасын жа­қын­дату жолында көп жұмыс істеді. Менің ойымша, бүгінгі таңда еліміз үшін өзгерістердің керек екенін партияның менедж­менті жақсы түсінеді. Ендігі сұ­рақ – сол өзгерістерді қалай ен­гі­зу керек? Мемлекеттің мүддесі мен ұлттық мүддені қалай сәй­кес­тендіру керек? Сонымен бірге, еліміздегі қоғамдық про­цес­терді қалай жү­зеге асыру ке­рек? Міне, осы үш сұ­раққа пар­тия басшылығы жауап іздеп жа­тыр деп ойлаймын. Осы са­уал­дарға қалай жауап табылады, партияның келешектегі тағдыры соған байланысты. Nur Otan билік партиясы болып қалуға тырыса­тын болса онда халықтың қажет­тілігін, халықтың діттеп отырған мақсаттарын орын­дау­дың жолына түсу керек. Сондай-ақ мемлекет­тің мүдделерін де девальвация жа­сауға болмайды. Ең бастысы – пар­тияның басшылығы мен оның әрбір мүшесі офистік мінез-құ­лықтан арылып, халықтың орта­сына барсын. Қазір ауылға ешкім бармайды. Әкім де, министр де. Осы қасаң қағиданы да бұзып-жарып елдің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, ауылдағы ағайынға көмек жасаудан бастаса деген тілек бар. Егер ауылдың әлеу­меттік ауа райы шешілетін болса, онда жалпыхалықтық атмосфера да түзеле бастайды.

 

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ