Конституция күні қарсаңында «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарламасы аясында елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кезекте тұрған көпбалалы отбасылар санатындағыларға 150 пәтер, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына кіретіндерге 148 пәтер кілтін үлестірді.
«Берекелі баспана» аясында
298 пәтердің кілті табысталды
«Өз үйім – өлең төсегім» деп қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жаңа қоныс иелері Р.Қошқарбаев даңғылы және Лепсі көшесінде орналасқан үйлердегі пәтерлеріне көшті. Бұл үйлер сатып алу құқығысыз жалдамалы баспана беруді қарастыратын «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарламасы аясында қала әкімдігінің тапсырысы бойынша салынды. Салтанатты түрде өткен жиында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: «Құрметті елорда тұрғындары, ардақты ағайын баршаңызды қоныс тойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыздың әлеуметтік саясатының сабақтастығы ретінде Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сіздерге арнап тұрғызылған пәтерлерді табыстап жатырмыз. Жақында ғана «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен Екібастұз қаласына жүзден астам отбасын жібердік. Қаламызда мүгедектер, жалғызбасты, көпбалалы аналар, ҰОС ардагерлері, жетім балалар сияқты әр санаттағы 47 мыңнан астам азаматтар үй кезегінде тұр. Олардың барлығына да кезегімен баспана беріледі. Осы күнді 10 жылдан астам күттіңіздер. Абыржыған, қобалжыған, уайымдаған сәттердің бәрі артта қалды. Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай», – деді құттықтау сөзінде.
Баспана кілтіне ие болғандардың бірі Рақима Ташанова бұл күнді он жыл күтіпті: «Ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді мұны. Он жыл кезекте тұрдым. Мен өзім зейнеткермін. Кілтін алдық. Үйде барлық жағдай жасалған екен. Қуаныштымын. Құттықтап жатқандарыңа рақмет!», – деп ағынан жарылды.
Ал Саягүл Кулетеева: «Екі бөлмелі пәтер алдым. Екі балам, жолдасым бар. Әдемі үй, ішінде барлық жөндеу жұмыстары жасалған. Кілтті қолыма қала әкімінің орынбасары өзі табыстады», – дейді.
Көпбалалы ана Роза Қыдырбайқызы болса өз қуанышын былай жеткізді: «Мен 2006 жылдан үй кезегінде тұрдым. Он үш жыл күттім. Үй алып қуанып жатырмыз. Сегіз балам бар. Үлкенім жиырма үште болса, кенже балам – бес жаста. Алған пәтерім төрт бөлмелі. 116 шаршы метр. Қала басшылығына, Президентімізге бізге осындай қуаныш сыйлағандары үшін айтар алғысымыз шексіз. Енді балаларымның өз бөлмесі болады».
Сондай-ақ биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1 634 пәтер беру жоспарланған. Оның 731-і жалға, 233-і көпбалалы отбасыға, 105-і жетім балаларға, 277-і халықтың әлеуметтік осал тобына, 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне ұсынылмақ. Оның сыртында 2020 жылы тағы да 1 640 пәтер үлестіріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек 312 пәтерлік нысанның құрылысы он бір жыл бойы тоқтап тұрған. Иесіз қалған тұрғын үйді «Базис-Дорстрой» ЖШС мекемесі алып, құрылысты жандандырған. Мекеме басшысы Ерлан Тоқсанбаевтың айтуынша, қала бойынша осындай қараусыз қалған екі үй, екі мектеп, бір балабақшаны жөнге келтіріп, пайдалануға берген.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ