Қытай құрамасында ойнағысы келетін ойыншылар Қытай мәдениетін, тарихын меңгеруі тиіс
Футболдан Қытай құрамасы 2022 жылы Катарда өтетін Әлем чемпионаты қарсаңында бразилиялық аяқдопшыларға азаматтық беруге кіріскен сыңайлы.
Мәселен, «Гуанчжоу Эвергранд» шабуылшысы Элкесон қазірдің өзінде Қытай құрамасына шақырту алған. Алдағы уақытта ұлттық құрама жейдесін тағы 8 шетелдік футболшы киюі мүмкін.
30 жастағы бразилиялық 2013 жылдан бері Қытайда ойнап келе жатыр. Қытай чемпионатындағы ең үздік ойыншы – осы Элкесон. Бас бапкер Марчелло Липпи оны жақында болатын кездесулерге шақырып та қойған.
Бұған дейін Нико Йеннарис Қытай құрамасы жейдесін киген еді. Ол – «Арсенал» тәрбиеленушісі. Футболдағы жолын бала кезде Харри Кейнмен бірге бастаған.
Алайда АПЛ-да ойнай алмай, «Бейцзин Гуоаньға» ауысып келген. Кейін есімін Ли Ке деп өзгертіп, британ паспортынан біржола бас тартады. Сондай-ақ 21 жастағы норвегиялық (анасы – қытай) Йон Хоу Сетер де Қытай чемпионатында ойнайды. Ол өзіне Хоу Юн Юн деген есім таңдап алған. Чемпионатта көбіне алаңға тыңнан қосылады. Әзірге құрамаға шақырыла қоймады.
Келешекте құрама намысын қорғауы мүмкін ойыншылар ретінде – Перуден келген Роберто Сьючоны, габондық Александр Ндумбуды атауға болады.
Қазіргі таңда бірқатар бразилиялық футболшылар азаматтық рәсімдеу процесіне кірісіп кеткен. Британиялық қорғаушы Тайас Браунинг те Қытай құрамасына кандидаттар қатарында саналады. Қытай футбол федерациясының басшысы Чэнь Сююанның айтуынша, құрама Катардағы доп додасы алдында күшейгенді жөн санайды, бірақ ұзақ мерзімді көлеммен алғанда шетел футболшыларына арқа сүйеу жоспары жоқ екен.
Қытай бұған дейін 2002 жылы өткен мундиальға қатысқан. Олар топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіліп қалды.
Футбол федерациясының талабы бойынша Қытай құрамасында ойнағысы келетін ойыншылар Қытай мәдениетін, тарихын меңгеруі тиіс.
Ту мен елтаңба туралы да хабардар болып, әнұранды жатқа айтуы керек. Федерация шыққан тегі қытаймен қатысы бар шетелдік ойыншыларға азаматтық беру процесін барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізеді.