Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласындағы «Журавушка» балабақшасында роботты техника үйірмесі ашылды. Енді олар жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеремекші. Бұл жайында Алтайньюс хабарлады.
Биылғы оқу жылында балалар конструктор жинауды меңгеріп, түрлі-түсті гаммамен танысып, сызбамен жұмыс істеуді үйренеді.
Балабақша директорының міндетін атқарушы Ольга Ильина айтуынша, бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Тіпті, үйірмені жүргізетін барлық қызметкер арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтіп, білімін шыңдаған. Басты мақсат – бүлдіршіндерге саналы тәрбие беріп, сапалы білім нәрімен сусындату. Бұл кабинетті жабдықтауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, төрт миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.
– Мұндай үйірме әзірше, облыс бойынша біздің қалада ғана ашылды, - дейді Ольга Ильина.