«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы жұмысын тоқтатты.
Бұл туралы аталған коалицияның соңғы отырысында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.
– Коалиция құрылған 8 жылдың ішінде «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қолдау үшін еліміздің жетекші қоғамдық күштерін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік бағытын жақтаушыларды жанына топтастырды. Осы жылдар ішінде коалиция жалпыұлттық диалогты қамтамасыз етудің және ел дамуының маңызды мәселелері бойынша ортақ мәміле тетігінің пәрменді құралына айналды. Коалиция мүшелері елдің маңызды нормативтік құқықтық актілері мен бағдарламалық құжаттары бойынша тиімді ұсыныстарын айтып отырды. Әсіресе, Кәсіподақтар туралы заң жобасы, Жер реформасы, Дуалды кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі және т.б. мәселелер көтерілді. Отырысқа Үкімет мүшелері қатысып, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп, ұсыныстарды басшылыққа алып, тиісті шешім қабылдады. Сондай-ақ қосымша тәуелсіз сарапшылар тартылып, қоғам үшін маңызды сұрақтар бойынша талқылаулар ұйымдастырылды. Оң нәтижелер болды. Көп өзгеріс орын алды. Бірнеше заңға қол қойылды. Біздің әріптестер де өңірлік коалициялар аясында бірнеше маңызды сұрақтарды көтере отырып, тиісті шараларды іске асырды, – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы кезеңде 20-дан астам мәжіліс өткізіліп, онда өзін-өзі басқаруды дамыту мен әкімдерді сайлау бойынша реформалар, Еуразиялық экономикалық одағын құру, «Қазақстан – 2050» стратегиясының жүзеге асырылу барысы және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары кеңінен талқыға түскенін атап өтті.
Аталған реформаның практикалық қадамдарының бірі – өткен жылы сайлау туралы жаңа заңның қабылдануы болды. Алдағы мәслихат сайлаулары партиялық тізім бойынша өткізілмек. Нәтижесінде, саяси партиялардың рөлі де арта түспекші. Бұл демократия индексі бойынша барынша дамыған 30 елдің және Батыс Еуропаның басым елдерінің үздік практикасы саналады.
– Осы жерде 5 партияның, соның ішінде, 3 парламенттік партияның өкілдері отыр. Сайлау туралы жаңа заң партиядан жауапкершілікті арттыру және сайлаушылармен практикалық жұмысты күшейтуді талап етеді. Барлық партия оған белсенді дайындалу қажет. Еліміздегі жетекші партия бұл жұмысқа дайындықты бастап кетті. Бұл орайда Nur Otan партиясы Қоғамдық кеңесінің соңғы отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қабылданды, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Отырыс барысында Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясы жұмысының аяқталуы туралы ұсыныс жасады. Коалиция аясында басталған кең қоғамдық пікірталас Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында жалғасын табатын болады.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – бұл ел дамуының маңызды саяси мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогтың жаңа деңгейі. Бұл Кеңестің мәртебесі мен маңыздылығы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалық етуімен расталады. Сонымен қатар, кеңес құрамына партиялар мен ҮЕҰ өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар кірді. Nur Otan партиясы осы Кеңестің жұмысына белсене қатысады. Бюро мен Саяси кеңестегі талқылаудан кейін біздің партиядан бірқатар мәселелер енгізілді. Ары қарай біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп, енгізетін боламыз. Коалицияның барлық мүшесін Қазақстанның одан ары дамуы үшін жалпыұлттық диалогты дамытуға үлес қосуға шақырамыз, – деді Бауыржан Байбек.
Басқосуда «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы туралы Aq Jol демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пікір білдірді.
– Жалпыұлттық коалицияның мақсаты тек саяси партияларды ғана емес, басқа да үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық қоғамды біріктіру болды. Бұл орайда жалпыұлттық коалиция еліміздегі өзекті проблемаларды жан-жақты талқылап, мәселелерді бір консенсуске, бір көзқарасқа келтіру ұстанымын берік ұстанды. Жалпы, ұйым мүшелері аталған жұмыстарды абыроймен атқарып келді. Мемлекет қоғаммен диалогқа бағытталған өз жұмысында барынша ашықтықты ұстанады. Біз мұны құптаймыз, және өзара әрекеттесудің каналы көп болған сайын, соғұрлым жақсы болады. Nur Otan партиясы өзіне жауапкершілік алып, үлкен жұмыс атқарды. Біз партияда үлкен «қайта жандандыру» жұмыстарының жақсы жүріп жатқанын байқап отырмыз. Және осы істе әріптестерімізге табыс тілейміз, – деді ол.
Отырыс кезінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының құрылу тарихына тоқталып, осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмысына оң бағасын берді.
– Біздің жалпыұлттық демократиялық күштердің коалициясы осы уақытқа дейін жалпы саны 21 отырыс өткізіпті. Егер тарихқа үңілсек, 2010 жылдары үлкен дағдарыс болды. Жалпыұлттық коалиция сол дағдарыстан кейін құрылды. Өйткені еліміздегі жағдайларға байланысты Елбасының үндеуімен саяси күштер бірігіп, ұлттық мүдделі мәселелерде пікір алмасуға шақырды. Осы жиындарда тек қана саяси мәселелер ғана емес, кәсіпкерлерге байланысты да мәселелер талқыланды. Жер, жемқорлық мәселелері де қаралды. Қорыта айтқанда, бұл пікір алмасулар жиынға қатысушылар үшін пайдалы болды деп есептеймін, – деді Абылай Мырзахметов.
Коалиция жұмысының қорытындысын Республикалық әйелдер кеңесінің жетекшісі Нина Каюпова жасады. Спикер Ұлттық сенім кеңес мемлекет пен халық арасындағы диалогтың жаңа форматы екенін атап өтті. Ол жалпыұлттық коалиция жұмысының аяқталғанына қарамастан, Nur Otan партиясымен әріптестіктің жалғасатынын жеткізді.
– Біздің барлық жұмысымыз Nur Otan партиясының қолдауымен жүзеге асырылды. Елбасының саяси кеңесте сөйлегенін ескере отырып, біз партиямен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыратын боламыз. Барлық мәселені болашағымыз үшін, егеменді мемлекетіміздің гүлденуі үшін бірге шеше-міз, – деді Нина Каюпова.
Жиын соңында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек үкіметтік емес ұйымдар тұлғасынан коалиция мүшелерімен партияның бірлескен жұмысы әріптестік туралы екіжақты меморандум мен партиялық жобалар шеңберінде жалғасын табатынын атап өтті. Өзара әрекеттестік үшін үлкен әлеует «Мирас», Nur Otan Talks және Nur Otan Trends партиялық диалогтық алаңдар шеңберінде де бар.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты:
– Жалпыұлттық коалиция 8 жылдың ішінде өзіне жүктелген жұмысты толығымен атқарды. Осы жылдары қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. 2015 жылғы Елбасы сайлауына, жуырда өткен Президент сайлауына нақты кірісіп, қаншама рекомендация қабылданып, қоғамда, мемлекеттік органдарда қолдау тапты.
Күні кеше ғана Елбасы Nur Otan партиясының Саяси кеңесін өткізді. Басты тақырып – партияның жаңадан жаңғыруы. Әсіресе, партияның алдында тұрған міндеттерінің бірі – әрбір партия мүшесінің жұмысына деген жауапкершілігі, өзіне жүктелген жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруы. Кеңесте Елбасы ел бірлігі туралы да айтып өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік салалардағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Көпбалалы аналар, тұрғын үй мәселелері партияның жіті назарында болуы керек деген тапсырма берді. Сондай-ақ жиында жастар мәселесі де айтылды. Қорыта айтқанда, Елбасы айтқан барлық мәселесі партия өз назарына алып, оларды шешуге жұмыла кірісетін болады. Жалпыұлттық коалицияда елімізде құрылып жатқан Ұлттық сенім комиссиясы болғаннан кейін жұмысын аяқтап, партияда өзінің үлесін қосады деген сенімдеміз.
Мұхтар МАНКЕЕВ,
«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық
қозғалысы кеңесінің төрағасы:
– Коалицияның таратылуы оңды қабылданған шешімдердің бірі болды деп айтуға болады. Себебі, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ел дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз.
Жалпыұлттық коалиция 8 жылдан бері жұмыс істеді. Мен бұл ұйымға 2 жыл мүше болдым. Нәтижелі жақсы жұмыстардың бәрін көрдік. Мемлекеттік бағдарламалар, жаңадан шығып жатқан бюджеттік инциятиваларды коалицияда талқыладық. Сондықтан да бұл ұйым өзінің жұмысын жоғары деңгейде атқарды деп айта аламын. Ендігі уақытта еліміздегі ауқымды, өзекті мәселелер ұлттық кеңесте талқыланады. Осы ретте айта кетейін, ұлттық кеңес мүшелерінің алдында кезек күттірмейтін маңызды міндет тұр. Жұртшылық пен азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемалар қаралуы қажет. Олар сондай-ақ түрлі тұжырымдамалар, мемлекеттік бағдарламалар және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізіп отыратын болады. Бірінші отырыс жақын аралықта өтеді. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да қатысады.