Жалпы, жеке әскери компания алғаш рет 1967 жылы Ұлыбританияда құрылған. Британ армиясының офицері Дэвид Стерлинг Watchguard International атты әскери компанияның негізін қалайды. Ол Таяу Шығыс елдерінде күзет, армияны жаттықтыру, көтерілісті басуда әскери-техникалық тұрғыда көмектесу сияқты қызмет көрсеткен. Бүгінде әлемнің ірі жеке әскери компанияларының қатарына G4S Plc., Securitas AB, ADT Inc., Allied Universal, DynCorp және басқаларын жатқызуға болады. Олардың әрбірінің табысы бірнеше миллиард долларға дейін жетеді. Жалпы, бүгін әлемдік жеке әскери компаниялардың жылдық нарығы 250-270 млрд доллар деп бағаланады. Мәселен, тек АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі 1994 жылдан бері жеке әскери компаниялармен құны 300 млрд доллардан асатын 3 600-ге жуық келісімшарт жасасқан екен. Мұндай компаниялардың табысы соғыс кезінде арта түседі. Сомали, Кувейт, Ирак, Ауғанстанда оларды коалиция күштері, халықаралық ұйымдар түрлі мақсаттарға жалдады. Соғыс бар жерде өлім де бар. 2012 жылы аталған елдерде келісімшартпен барып, көз жұмғандар саны 3 мыңнан асқан екен. Мұндай ірі нарықта Ресей де шет қалмасы анық еді. Ресей Украина құрамындағы Қырымды жаулап алып, шығысындағы Донбаста сепаратистік соғыс ашқан соң, бейресми тапсырмаларды орындау үшін «Вагнер» жеке әскери компаниясын қолданды. Оның негізін қалаушы Ресей армиясының арнайы жасағында қызмет етіп, босатылған бұрынғы офицер Дмитрий Уткин есептеледі. Вагнер – оның лақап аты. Ал компанияны қаржыландырушы немесе шынайы иесі Евгений Пригожин есептеледі. Ол Ресей президенті В.Путинге жақын олигархтың бірі саналады. Түрлі мәліметтерге сенсек, бүгінде «Вагнерде» 2 000-2 500 жуық жалдамалы жауынгер қызмет етеді. Бұған дейін олар Украина, Сирия, Ливия, Сомали, Орталық Африка Республикасында түрлі тапсырмалар орындағаны белгілі. Ресей басшылығы аталған компаниямен байланысы бар екенін мойындаған емес, тек ресейліктер шетелде соғыса алатыны жайлы айтады. Алайда Ресейдің Қылмыстық кодексі бойынша, жалданып, қарулы қақтығыстарға қатысуға тыйым салынған. «Вагнер» жеке әскери компаниясының жендеттері бұған дейін Сирияда бірнеше ұрысқа, соның ішінде Пальмира үшін болған қақтығысқа да қатысты. Жалпы, 2013-2017 жылдары Шам елінде жүзге жуық жалдамалы опат болды деген дерек бар. Венесуэла президенті Модуроға өз халқы қарсы шығып, АҚШ әскери шабуыл жасамақ болғанда да вагнерліктер Латын Америкаға аттанды деген мәліметті Рейтер ақпарат агенттігі таратқан болатын. Бұдан бөлек, бұл компанияның қызметіне Судан және Орталық Африка Республикасының басшылары 2017 жылы жүгінген еді. Олар күзет және жергілікті сарбаздарды жаттықтырумен айналысқан секілді. Есесіне, жоғарыда аталған Пригожинге қарасты «М Инвест» және Meroe Gold компаниялары осы елдерде алтын қазу құқығына ие болды. Жалпы, олигарх, «Вагнер», олардың тапсырмалары жайлы мәлімет аз. Оны табуға тырысу қауіпті саналады. Мәселен, 2018 жылы шілдеде Пригожиннің жалдамалы жендеттермен байланысын, «Вагнердің» қызметін зерттеуге аттанған ресейлік үш журналист Кирилл Радченко, Александр Расторгуев және Орхан Джемал Орталық Африка Республикасында қаза тапқан болатын. «Вагнер» құрамында тек ресейліктер ғана емес, Украина, Беларусь, Сербия, Молдова азаматтары да бар екені мәлім. Минскте ұсталғандардың да ұлттық құрамы сан алуан. Мәселен, Украинаның арнайы қызметі бұл компанияда 40 украиндық қару ұстап жүргенін мәлімдеген. Соған қарағанда сепаратистік Донбасс өңірінің өкілдері болса керек-ті. Жұмыс қауіпті болуына қарамай, ұрысқа асығатын кісілер әрдайым табылатыны белгілі. Оған қоса, жалақы да жаман емес екен. Мәселен, кейбер деректер бойынша, «Вагнер» жауынгеріне Ресейде жаттыққанда 50-80 мың рубль төленеді, шетелдік операцияға жіберілсе, 150-200 мыңға дейін жетеді. Ал ірі ұрысқа қатысса, 300 мың рубльге жетеді немесе 4 100 доллар. Бұл Ресей үшін үлкен табыс саналуы мүмкін. Алайда Батыс елдеріндегі жеке әскери компанияларда жалақы 9 000 – 22 000 доллардың арасында. Яғни, вагнерліктерге қарағанда бірнеше есе көп. Ал төнетін қауіп бірдей.