Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы халықпен тығыз байланыс орнатуды қолға алды. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев аймақтық деңгейде алғашқылардың бірі болып Nur Otan партиясын қайта жандандыру аясында облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның рөлін күшейту және кадрларды жасарту жұмыстарын бастады.
Нақтырақ айтар болсақ, Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалында депутаттық фракция жетекшісі мен партиялық бақылау комиссияның төрағасы ауысты. Түркістан облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының жетекшісі болып Мұрат Төлтебаев, ал аймақтық партиялық бақылау комиссияның төрағасы қызметіне Қайнар Абасов тағайындалды.
Сондай-ақ Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы 21 тамыз күні елордадағы Саяси кеңесте қаралған өзекті мәселелер мен оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдарын талқылау мақсатында Саяси кеңес мәжілісін өткізді. Жиында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, облыста жүзеге асыру барысы бойынша жеті тапсырма жүктеп, басқа да жауапты жұмыстардың орындалуын қадағалайтынын айтты.
Бірінші тапсырмасында Өмірзақ Шөкеев партияның белсенді мүшелерін айқындап алуды тапсырды.
– Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе секілді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын. Бұл топқа зиялы қауым, елге сөзі өтетін азаматтар, азаматтық қоғам, жастардан өкіл енуі тиіс. Олардың ұсыныстарын тыңдап, партия аясында бірге жұмыс істеуіміз қажет. Праймериз (партия ішіндегі дауыс беру) әдісін қолдана отырып, олардың арасынан ең үздігін таңдап партия мүшесіне қабылдаймыз, – деді облыс әкімі.
Екінші тапсырмада, бір тараптан жергілікті әкімдік, басқарма басшылары, екінші тараптан зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып диалогтық алаң құрып, пікірсайыстар өткізу керек екенін айтты. Ал үшінші ұсынысында, қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу мәселесін сөз етті. Ол үшін, ең алдымен, облыстағы үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдерімен анализ жасап, жұмыс жоспарын түзіп, бірге жұмыс жүргізудің маңызы жоғары екенін айтты. Төртінші тапсырмасында, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс деп есептейтінін жеткізді. Мысалы, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы жақсы насихаттауда. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру бүгінгі күні маңызды міндеттердің бірі болып тұр.
Бесінші жүктемесінде, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашу керегін тілге тиек етті. Сонымен қатар аудандарда қоғамдық қабылдау өткізіп, оны әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетуді тапсырды.
– Партия ашық болуы тиіс. Партия мүшелері халықпен кездесуі керек. Алайда олар сол кездесуге дайын ба?! Халықпен кері байланыста, антидағдарыс жағдайында өзін ұстау, сөйлесе білу мәдениеті бойынша оқыту тренингтерін өткізу қажет, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы алтыншы міндеттемесінде: «Облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда БАҚ өкілдері белсенділік танытып, объективті материал жариялауы тиіс» десе, жетіншісінде «Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасын облыста қарқынды жүзеге асыруды тапсырды.
Жиында сондай-ақ облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев соңғы жылдары облыс көлемінде балалар арасындағы қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының аяқасты болуы күрт артып кетуіне байланысты отбасы институтын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыс бойынша өмірлік қиын жағдайдағы көпбалалы отбасыларға мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қазіргі кезде облыстағы жол саласына тұрғындар тарапынан көп шағым түсуде. Статистикаға сүйенсек, осы аудандар бағытындағы жолдың нашарлығынан 2019 жылдың алғашқы 7 айында 117 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 16 адам қайтыс болған. Сондықтан жолдарды жаңартып және осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін партияның XVIII съезінде қабылдаған «Құтты мекен» жобасы аясында партиялық бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
– Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының жанынан «Түркістан талқы» диалогтық алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Осы жоба арқылы біз қоғамдағы, өңірдегі ең өзекті мәселелерді ашық талқылаймыз. Елдің пікірін тыңдаймыз. Халықпен диалог орнатуда осы бастама тың серпін береді деген сенімдемін. «Құтты мекен» жобасы аясында да Түркістан қаласы мен облыс көлемінде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына партиялық бақылауды күшейтіп, Арыстағы зақымданған, бұзылған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын қадағалауды күшейтеді, – деді партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев.
Жиынды қорытындылаған Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен диалог, кері байланыс орнату, олармен жұмыс істеу маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Осы орайда халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге, партия мүшелеріне аталған принициптерді негізге алуды тапсырып, жиында жүктелген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.