Бала кезде соншалықты талантты болған жоқпын
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Fox News радиосындағы The Ashley Webster Experience бағдарламасына сұхбат беріп, өз өмірі, кәсіби мансабы туралы кеңінен айтып берген.
- Үлкен балалар сіздерді көшеде төбелесуге мәжбүр еткен деп естідім. Осы рас па?
- Жоқ, бұл өтірік (күліп). Ондайды қайдан естіп жүрсіз? Менің егізім бар, ол мені әрқашан қорғап жүрді. Біз өте жақын болдық. Бала кезімде теннис, футбол, баскетболды жақсы көрдім. Ол кезде бокс немесе UFC туралы ойлап та көрмеген едім. Алғаш ағам мені бокс залына апармақшы болғанда, мен футболды жақсы көретінімді айтқанмын. БАстапқыда футбол ойнау үшін ғана боксқа барып жүрдім. Сөйтіп жүріп бокста қалай қалып қойғанымды білмеймін. Ата-анам менің бокста қалғанымды қалаған жоқ. Бірақ мен әр жолы үйге келген сайын осы жолы соңғы рет барамын деп айтатынмын. Сөйтіп жүріп жарыстарға қатысып, қарсыластарымды жеңіп жүрдім. Осылай бірнеше рет қайталана берді.
- Мүмкін, сізге адамдарды ұрған ұнаған шығар?
- Аздап (бәрі күледі). Анда-санда.
- Бокстағы кумиріңіз кім болды?
- Маған бұрынғы аңыз боксшылар, Мұхамед Әли ұнайды. Мен оның біраз тарихи кездесулерін көріп шықтым. Өзімнің дивизионым ұнайды – орта салмақ, өйткені бұл жерде күш пен жылдамдық бар. Марвин Хаглерді, Шугар Рэйді айтар едім.
Бала кезде соншалықты талантты болған жоқпын. Менен гөрі егіз інім жақсырақ жұдырықтасатын. Ал менікі көбіне көшедегі жабайы төбелеске ұқсап кететін. Бірақ мен одан 15 минут үлкенмін. Ол менен кіші екенін айтып, өзінің жолын берді.
- Сіздің боксшы ретінде қалыптасуыңызға әсер еткен бапкерлер туралы айтыңызшы?
- Қазақстандағы бір бапкер туралы айта аламын. Мен оны өте қатты құрметтеймін. Ол бокс бапкері ғана емес, нағыз ұстаз, педагог. Оның маған өте көп көмегі тиді.
- Лос-Анджелестегі өмірдің Қазақстаннан қандай айырмашылығы бар?
- Айырмашылығы өте көп. Жақсы немесе жаман жағын айтып жатқым келмейді. Бірақ қанша дегенмен басқа ел, басқа адамдар. Мен қайда жүрсем де өмірге құштар күйде сүргім келеді.
- Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуіңіз қалай өтті? Есіңізде ме?
Әрине, есімде. Бұл өте жеңіл жекпе-жек болған. Маған бірнеше раунд жұмыс істеу керектігін айтты. Алайда мен бірінші раундта-ақ құлатып салдым.
- «Канеломен» қыркүйек айынды кездескілеріңіз келді ме?
- Иә, 14 қыркүйек – Мексика елінің тәуелсіздік мейрамы. Ол қарсылық танытты, ал мен дайынмын деп айттым. Бұл жекпе-жек – өте көп ақша, өте күрделі келісім. Бұл маған бизнес тұрғысынан да өте пайдалы.
- Ол қорқа ма?
- Жоқ, ешкім қорықпайды. Мүмкін ол титулдармен барынша ұзақ уақытқа бірге қалғысы келетін шығар. Сөйтіп, өзін чемпион сезінгісі келеді. Ал шынайы сынаққа барғысы келмейді.
- Сіз қазір оны нокаутқа түсіре аласыз ба?
- Бұл топ-жекпе-жек. Екі боксшының да сапасы өте жоғары. Рингте бір ғана соққы кездесу тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Әрине, ұрып құлатамын деп айту оңай. Бірақ жағдайға кең көзқараспен қарау керек. Ол да мұны біледі. Бокс – өте қауіпті спорт. Бір соққы кездесуді ғана емес, өмірді де өзгертіп жібереді.
- Ақшаңызды қалай жұмсайсыз?
- Маған көп ақша керек емес. Тек отбасы мен балаларым үшін ғана.
- Әйеліңіз бокс көруге бара ма?
- Жоқ, ешқашан.
- Неге?
- Бұл менің шаруам. Ол шешпейді.
- Отбасыңыз, анаңыз ше?
- Тек бауырым ғана келіп көреді.
- Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуа ма?
- Әрине, жоқ. Олардың жағдайы мүлде басқаша, өмірлері басқа арнада. Менің үлкен ұлым өте ақылды, қазірдің өзінде бірнеше тіл біледі. Олар жаңа буын. Олар біз сияқты емес. Мен – ескі мектептің өкілімін.
- Қазір 37 жастасыз. Өзіңізді қалай сезінесіз?
- Өте жақсы сезінемін. Мен күшім мен жылдамдығымды әлі жоғалтпадым. Өзімді тура он жыл бұрынғыдай сезінемін. Бокстағы өзімді үздік адаммын деп санаймын: қарсыластарым да, серіктестерім де, демеушілерім де мықты. Болашаққа деген идеяларым да баршылық.
- Ол қандай идеялар?
- Оны әзірге ешкім білмейді. Бокс – өте қауіпті спорт. Кейін көре жатармыз.
- Жаңа стратегияға байланысты стил мен техника өзгерді ме?
- Менде қазір басқа бапкер. Ол мені өзгерткен жоқ, тек жаңа нәрселер қосты. Әрі маған тура осы кезеңде өзгерудің де қажеті жоқ. Менде бәрі 100 пайыз. Бәрін 5 қазанда көресіздер.
- Сіз ешқашан ногдаун алмадыңыз ба?
- Ешқашан.
- Бұл қалай мүмкін болды?
- Бұл туралы менен неге сұрап отырсыз (күліп)? Бұл ретте генетикам мен ата-анама алғыс айту керек. Олар мен үшін бәрін жасады, әрдайым қолдау танытты.
- Барлық уақыттың үздік боксшысы деп кімді айтар едіңіз?
- Мен таңдай алмаймын. Қанша дәуір болса, сонша боксшы. Бір-бірінен айырмашылығы көп. Орта салмақ пен аса ауыр салмақты жақсы көремін. Мәселен, Флойд Мейвезерді алайық, ол – феномен. Сосын Пакьяо ұнайды. 40 жасқа келсе де жылдамдығы тура баяғыдай.
- Күнделікті қалай жаттығу жасайсыз?
- Күніне екі мәрте жаттығамын. Алғашқы жаттығу – үш сағат, екіншісі – екі сағат. Бірақ жалпы жаттығу 24 сағатқа созылады. Өйткені залдағы жұмыс қана емес, дұрыс тамақтану да, дұрыс демалу да маңызды.
- Ресейлік боксшылар өте мықты.
- Кім? Атын атаңызшы? Ешкім білмейді.
- Біз сізден сұрайын дедік.
- Мен Ресейден емеспін.
- Қазақстаннан ба? Солай ғой.
- Бұл Ресей емес.
- Бұрын Кеңес Одағы болды ғой.
- Ол баяғыда солай болған.
- Қазақстанға жиі барасыз ба?
- Уақытқа қарай. Ол жақта достарым, туыстарым бар. Мен бүкіл әлемді сүйемін. Маған тарих ұнайды.
- Сүйікті аренаңыз қандай?
- Madison Square Garden. Ол жер мен үшін – бокстың Меккесі іспетті. Осы аренадағы Тайсон мен Әлидің жекпе-жектерін талай көрдім. MSG-дің өз тарихы бар. Ол жердегі атмосфера ерекше.
- GGG біз сіздің келесі жекпе-жегіңізге сәттілік тілейміз!
- Рахмет!