Жаһандық қауіпсіздіктің жақтаушысы

Жаһандық қауіпсіздіктің жақтаушысы

Жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыс үшін 29 тамыз – тарихи күн. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі аса ірі Семей ядролық полигоны жабылды. Осыдан кейін Қытайдағы Лоб-Нор полигонында да, Американың Невада штатын­да­ғы сынақ алаңында да, Ұлыбри­тания мен Францияның Тынық мұхиттағы атолл-аралдарында да ядролық сынақтар түбегейлі тоқтады. Олардың бәріне Елбасы мен Қазақ елі бірегей үлгі көрсетті.

Осы орайда жыл сайын 29 та­мыз­да бүкіл әлемде «Халықаралық ядро­лық сы­нақтарға қарсы іс-қимыл күні» атап өті­ле­ді. Бұл күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев орта­лығында» Елбасы Н.Назарбаев­тың және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың қатысуымен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіп­сіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті.

Бұл марапатқа МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Юкия Амано лайық деп танылды. Алайда Ю.Амано 2019 жылғы 18 шілдеде дүниеден өтті, сондықтан оның сый­лығы жақындарына берілді.

Сондай-ақ Елбасы атындағы ха­лық­аралық сыйлық Ядролық сынақ­тарға жалпыға бірдей тыйым салу ту­ралы шарт ұйымының атқару­шы хат­­шысы Лассина Зербоға табыс етілді.


Қазақстанның МАГАТЭ-ге мүше болғанына – 25 жыл.


Салтанатқа қатысушылар ал­дын­да сөз сөйлеген Н.Назарбаев тарих сабағына қарамастан, әлемде ядро­лық державалар арасында шиеленіс пен сенім дағдарысы қайта бас көтергенін қынжыла жеткізді.

– Жаһандық ядролық арсенал­дың 90%-дан астамына иелік ететін АҚШ пен Ресей қарым-қатынас­тарындағы геосаяси дағ­дарыс сал­мақты әрі теріс «зілзалалар тіз­бегіне» соқтыруда. Бұл елдер соның ішінде ғарышта да іске қосқан қару-жарақ­тың тех­нологиялық жарысының жаңа айна­лы­мы зор алаңдаушылық туғызуда. Орта және төмен қашық­тық­тағы зымырандарды жою туралы шарт толығымен өз күшін жоғалтып алды. Оның тараптарының бірі – Қазақстан болатын, – деді Тұңғыш Президент.

Оның пайымдауынша, төрткүл дүниеде террористік ұйымдардың ядролық алапат қаруды қолға түсіру қаупі сақталуда.

Қауіпті ядролық материалдар әлем­дегі 20-дан астам елде қорда­ланған, олар­дың әрқайсысы дес­трук­тивті күштердің нысанасына айналуы мүмкін, – деді Н.Назар­баев.

Қазақстанның Тұңғыш Президен­тінің нұсқауынша, ядролық қаруға ие 9 елдің еш­­қайсысы әскери бағдарлама­ларынан бас тарту мәселесін қарас­тырып та отырған жоқ, бұл да өзіндік сын-қатерлер туын­датуда.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық ядролық держава басшыларын ғаламшарымыздың болашағы үшін диалогқа қарай батыл қадам жасауға шақырды.


Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне – 10 жыл.


Өз сөзінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бұл салтанатты шараның ядро­лық сынақтарға қарсы халық­ара­лық күрес күні мерекесімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Биыл Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойғанына, МАГАТЭ-ге мүше бол­ғанына 25 жыл толды. Сонымен қатар Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне 10 жыл болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Прези­денттің әлемдік қоғамдастық тарапынан «жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» ретінде әділетті түрде мойындалғанына екпін түсірді.

– Елбасы Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлы­ғының тарихи мәні бар. Кеңестік әскери элита мен жекелеген саясат­керлер қарсы­лығына қарамас­тан қабылданған Елбасы­ның бұл шешімі зор батыл­дық пен темірдей ерік-жігерді талап етті. Ол бүкіл дүние­жүзіндегі жаппай қырып-жою қаруына қарсы қозға­лысқа түрткі болды, – деп мәлімдеді Президент.

Қ.Тоқаев халықаралық қауіп­сіздікті қамта­масыз ету ісінде маңыз­ды рөл ат­қарған Елбасы баста­маларына тоқталды.


БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлемде 15 мың ядролық қару сақталуда.


– Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі ұсыныстар, Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агент­тіктің қол­дауы­мен еліміз аумағында Төмен байы­тылған уран банкінің орналас­ты­­рылуы, Иранның ядролық пробле­масын реттеу ісіндегі Қазақстанның араағайындық күш-жігері, сондай-ақ Ядролық қарудан азат әлем құру туралы БҰҰ Бас ассамблея­сының жалпыға ортақ декларациясының қабылдануы жаһандық тұрақтылық пен сенім іргетасын нығайтуға ай­тар­лықтай үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол әлемнің кейбір өңірлерінде ядролық қауіп-қатердің бұрынғыдай сақталып отырғанына назар ау­дарды.

– БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлем­де 15 мың ядролық қару сақ­талуда. Оның жүзден астамы санаулы минут ішінде іске қосыла алады. Ха­лық­аралық қатынастар­дағы қақ­ты­ғыс әлеуетінің артуына және қар­жы-экономикалық қайшы­лықтар­дың күшеюіне байланысты ахуал шиеленісе түсуде. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі іс-қимыл­дар­дың жалпыға бірдей бір­лес­кен жоспарының, сондай-ақ Орта және жақын қашықтықтағы зымы­ран­дарды жою туралы шарттың тағдыры айқын­далмай тұр, – деді ел Прези­денті.

Сыйлық лауреаттары – МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Юкия Амано мен антиядролық ұйымның атқару­шы хатшысы Лассина Зербоның сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқтала келе, Қ.Тоқаев олардың ядро­лық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік ісіне қосқан зор үлестерін жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті сөз соңын­да ядролық қарусыздану және жап­пай қырып-жою қаруларын таратпау ісінде бірлесе әрекет етуді жалғас­тыруға шақырды.

Жиын соңында Елбасы мен Мемлекет басшысы марапат иелерін жеке қабылдады.