Damumed-тен дау шықты

Damumed-тен дау шықты

 

«Балам «бар екенін» білдім»

Damumed мобильді қосым­шасы – дәрігер қабылдауына жазылып, ем алып, жедел жәр­демді шақыртуда тиімді жүйе. Жүйедегі жеке кабинеттен қай дәрігерге қашан барғаныңыз бен қандай ем алғаныңыз туралы ақпаратты көруге болады. Бұдан былай сол ақпаратты мұқият қарау қажет. Себебі сыртымыздан «ем-дом жасап», ақысын Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорынан өндіріп алуы әбден мүм­кін. Мүмкін емес, солай бо­лып жатыр да. «Дәнікеннен құнық­қан жаман» демекші, дәрігерлер көбірек табыс тапқысы келсе керек, жалған қабылдауды жаз­ғанда мүлт кете берген. Мысалы, астаналық бір тұрғынды дәрігер­лер түнгі сағат бір жарымға қа­был­дауға жазып қойған. «17 маусым күні Damumed-ке түнгі сағат 1 жарымда Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасындағы дәрігерге «жазылған» екенмін. Не масқара?! Түнде емханада мені ешкім қабылдамайтыны белгілі ғой. Кейін тағы қарап отырсам, екпе егілген, дәрі берілген. Мен ешқайсысын алған жоқпын», – дейді. «Бүгін қарап таңғалып отыр­мын. Босанып перзентханада жатқан күні де емханадағы ги­некологтың «қабылдауында бо­лып­пын». Ол аз десеңіз, тамыз айы басталғалы дамыл таппаппын. Ал заң бойынша босанған адамды 42 күн перзентхана дәрігерлері ғана тексеріп, жағдайын бақы­лауда ұстайды. Өздеріне хабар­ласқанымда маңына жуытпады. Бірақ Damumed-те дәрігер мені «қоймай қабылдап жатыр», – дейді әріптесіміз, журналист Әсем Қабылбекова. Әлі тұрмысқа шықпаған Гүлнәр Жомартова Damumed-ті тексеріп көріп, «баласы барын» біліпті. «Қарағанды қаласындағы №3 емханаға тіркелгенмін. Отбасы деген жерге «ұлы бар» деген жазба енгізілген. Бүгін бір баласы бар әйел: «Damumed үш балам бар деп қойыпты» деп жазған соң тексере салғанмын, шошып кет­тім. Бірден «Даму» ақпараттық жүйе­лер ор­талығына хабарласып, әлгі жаз­баны алғызып тастадым», – дейді. Біз де аталаған ақпараттық жүйедегі жеке кабинетімізге бас сұғып, 15 сәуірде, яғни төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтандағы №9 емханадағы учаскелік дәрігер қабылдауына «барғанымызды» білдік. Ал 27 шілде күні 144-ка­бинеттегі әлеуметтік қызметкер «онлайн кеңес беріпті». Ал енді бір әріптесіміз бір рет ПТР тест тапсырған екен, алайда емхана одан үш рет ПТР тест «қа­былдағанын» жазған. Мұндай мысалды мыңдап келтіруге болады.  

«Даму»: біздің қатысымыз жоқ

Damumed ақпараттық жүйе­сінде тіркелген дауға осы жүйенің операторы – «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы жауап беріп үлгерді. Орталықтың бас директоры Наталья Киль бұл медицина ұйымдарының өздері туғызған проблема деп санайды. «Біз кезінде бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне ескерттік. Қалыптасып отырған жағдай емделушілерді де, бізді де қанағаттандырмайды. Бір анығы, қоғамдық резонанс Damumed мобильді қосымшасының өз мақсатын толығымен ақтағанын дәлелдейді», – дейді. Оның ай­туынша, бұл жүйе саладағы жем­қорлықты әшкерелеуге үлес қосып отыр. «Даму» орталығы күні кеше Денсаулық сақтау министрлігіне, аумақтық Денсаулық сақтау бас­қармаларына, медициналық ұйымдарға жолдаған хаттардың бірін жариялады. Орталық жа­рия­лаған хат сол кездегі ден­саулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке жазылған екен. Ол хатта дәл бүгінгі мә­селе туралы хабарланған. Үзін­ді келтірейік: «Мобильді қосым­шада емделушілерге іс жүзінде болмаған дәрігерлердің қабылдауы туралы хабарламалар келіп түседі. Әлеуметтік желілерде және бұ­қара­лық ақпарат құралдарында аталған мәселелер белсенді түрде талқылануда, бұл міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесіне және жалпы цифрлы денсаулық сақтау бағдарламасына халықтың сенімсіздігінің артуына алып келеді». Осы жылдың 17 ақ­панында жолданған хат өзекті мәселені көтерген. Алайда бүгінде қаржы жымқырды деген күдікпен екі айға қамауға алынған бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев еш­қандай шара қабылдамаған болып отыр. Ал енді бұл мәселені шешудің жолы бар ма? Жасыратыны жоқ, «Даму» орталығы ұсынған өнім тиімді. Бір кемшілігін жөнге келтіріп, ары қарай пайдалануға бола ма? Ол үшін қандай тех­ни­калық шешім қабылдауға болады? Бұл сұрақты ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Қозыке Сатыбалдиевке қойдық. «Қандай ақпараттық жүйеден болсын ақау табуға болады. Оған дәлел – Damumed ақпараттық жүйесі. Бұл медицина саласындағы озық жүйе екенін білеміз. Алайда жүйені жасаушылар соңына дейін өзінің осал тұсын жаба алмағаны дәлелденіп отыр. Кез келген ақ­параттық жүйені жетілдіруге, одан ары қарай дамытуға және мұндай инциденттердің алдын алуға болады. Ақпараттық қауіп­сіздік тұрғысынан айтқанда, адамдардың жеке кабинетіне келетін бірреттік SMS-хабарламаларды орнатуға болады. Яғни, сіз емделіп кеткен­нен кейін, ауру тарихыңызға дә­рігер­лер дерек енгізіп жатқанын хабар­лайтын SMS-хабарлама келе­тін етіп жасау керек. Сонда науқас өзінің қандай дәрігерлік қызмет алғанын және оның базаға дұрыс енгізілгенін бақылай алады. Сонда бүгінгідей мәселеден құтылуға болады», – дейді ол.  

Бас прокуратураның қорытындысын күтеміз

Қалай десек те, пациенттің сыр­тынан жалған ақпарат толтыру, сол арқылы бюджет қаражатын жымқыру – қылмыс. Бұл жерде жалғыз дәрігерді кінәлі етуге болмас. Ол жоғарыдан тапсырма түспей қандай да бір әрекетке бара қоймайды. Сондықтан бұл мәселені терең зерттеу қажет. Себебі бұл жан-жақты ойластырылған, жүйелі түрде жолға қойылған қылмыстық әрекетке көбірек ұқсайды. Өйткені мұндай дерек бір қалада немесе бір емханада емес, еліміздің бірнеше емханасынан анықталып жатыр. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің бұл мәселені жіті назарға алуы да тегін емес. Оның тапсырмасымен Damumed-тен туған дауды Бас прокуратура тексеріп, 28 тамызда тексеру қоры­тындысын жариялай бастауы керек. Айтқандай, бұл мәселеден Денсаулық сақтау министрлігі хабардар. Министрліктің рес­ми өкілі Бағдат Қожахметов қазір заңды тұрғыда сараптама жүр­гізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, дәрігерлер мен емхана басшыларына қатысты жазаны қатаңдату жағы қарастырылады. Әзірге белгілісі, елді өтірік емдеген емханаларға айыппұл салынады. Айыппұл көлемі медициналық қызмет көрсету құнының 300 пайызын құрайды. Оны емхана басшылары төлеуі тиіс. Ал дәрі­герлер тәртіптік жазамен құтыла­ды. Бас прокуратура тексеру қоры­тындысын жариялаған соң жаза түрі өзгеруі әбден мүмкін. Себебі бұл қылмыс түрі қаржы жымқыру бабына сұранып тұр. Ал «Даму» орталығы әлеуметтік желідегі парақшасында «Бұл IT-компанияның техникалық қолдауымен қадағаланатын мә­селе емес, алайда біз бұл жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Біз бар­лық өтінішті жинақтап, олар­ды ресми түрде Денсаулық сақ­тау министрлігіне тапсыруға дайынбыз. Егер жалған қосымша мәлімет табылған болса, онда біздің тәулік бойы істейтін Call-орталығына + 7 775 007 03 50 нөмірі арқылы хабарласыңыз» деген хабарлама жариялады. Меди­циналық сақтандыру қоры да медициналық қызмет көрсетіл­меген жағдайлар туралы 1406 нө­міріне қоңырау шалуды немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын тәулік бойы пайдалану арқылы хабарлауды сұрап отыр.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ