Білім күніне орай, Арыс қаласындағы барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар оқу ұяларына қадам басты. Шаһардағы И.Журба атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арман Жетпісбай қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Түркістан облысы көлемінде 1 сыныпқа 56 506 балдырған барып жатса, оның ішінде Арыс қаласы бойынша 2500-ге жуық оқушы 1 сынып табалдырығын атап жатыр. Облыста жалпы саны 488 520 оқушы мектепте білім алады.
Айта кетерлігі, облыста 1 қыркүйекте жаңадан 7 мектеп пайдалануға беріліп жатыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 15 мектеп пайдалануға берілмек.
Бүгін Білім күніне орай Арыс қаласында «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ компанясының пәрменімен 16 орта мектеп 100 пайызға қалпына келтіріліп, салтанатты бірінші қоңырауда 10 000-нан астам оқушы күрделі жөндеуден өткен мектептерде оқу жылын бастап кетті. Әрине, бұл жұмыла кіріскен қажырлы еңбектің арқасында болып отыр.
Жөндеу жұмыстарымен қатар, Қордың бастамасымен мектептерде ағаш терезелер пластиктен жасалған терезелерге, ескі футбол алаңы жаңасына ауыстырылды. Сондай-ақ, қалпына келтірілген барлық мектептер жаңа мектеп жиһазымен жабдықталды. Сонымен қатар, қосымша жаңа мектеп мүкәммалы сатып алынды.
– Біз әлеуметтік инфрақұрылымның 68 нысанын қалпына келтірдік, бірақ жаңа оқу жылын ескере отырып, мектептерге ерекше назар аударылды. Бүгін бұл тек оқушылар мен олардың ата – аналары үшін ғана емес, сонымен қатар біз үшін – құрылысшылар үшін де мереке, – деді «Samruk Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
Естеріңізге сала кетейік, Арыстағы төтенше жағдайдан соң іле шала 1 шілдеден бастап Қор 16 мектеп, 36 балабақша, 8 Денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысанасын, колледж, Теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы және орталық алаң сынды қираған әлеуметтік нысандарды жөндеу бойынша жұмыстарын бастап кеткен болатын.
Бүгінгі таңда Арыс қаласында қор қалпына келтіретін 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 63 нысаны пайдалануға берілді. Ал қалған 5 нысан қыркүйек және қазан айларында толықтай жұмысын аяқтап, тапсырылады. Олардың қатарында жедел медициналық көмек және стоматология бөлімшелері, вокзал, балалар жасөспірімдер спорт мектебі мен балабақша бар.
Арыс қаласын қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына Қор 7 млрд теңге бөлді. Қордың атынан жобаның операторы – «Samruk Kazyna Construction» АҚ.
Айта кеткен жөн, шілде айында «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Арыс және Түркістан қалаларында болды. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқаннан кейін Қор басшысы жоспарға сәйкес уақытылы жұмыстарды орындау туралы тапсырма берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің тапсырмасы бойынша қор Арыс қаласын қалпына келтіруге белсене қатысты.