Парламенттің жаңа бесінші сессиясындағы Сенаттың бірінші жалпы отырысы болды. Жиында сөз сөйлеген Жоғарғы палата басшысы Д.Назарбаева әріптестерінің назарын Президент Жолдауына аудартты.
Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарын атап өте келе, бағдарламалық құжатта ел өмірінің барлық салаларындағы ахуалға талдау жасалғанын, әрі нақты, практикалық міндеттер қойылғанын айтты.
– Енді біз оларды заңдар мен қаулылар тіліне көшіруіміз керек. Барлық әріптестерімді тығыз жұмыс кестесіне тезірек кірісуге шақырғым келеді. Бұл үшін біз күзгі маусымдағы жаңа жұмыс жоспарын түздік, – деді Сенат басшысы.
Айта кету керек, сессиядағы алғашқы отырыс ұйымдастырушылық мәселелерге арналды. Жоғарғы палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан Дариға Назарбаеваны Сенат төрағалығына қайта сайлады.
Д.Назарбаеваның кандидатурасын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Бұл ретте жиында Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының атынан сөз сөйледі:
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабына сәйкес Парламент Сенатының төрағасы лауазымына Дариға Назарбаеваны сайлауды сұраймын», – делінген Президенттің сөзінде.
Сайлау нәтижелері жария етілгесін, Дариға Нұрсұлтанқызы сөз алды:
– Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет! Бұл – мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Қазақстан Парламентінің Жоғарғы палатасының басшысы ретінде сүйікті Отанымыздың гүлденуі үшін бар күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын! – деді Д.Назарбаева.
Сондай-ақ бұрынғы вице-спикер Сергей Громовтың өкілеттігінің тоқтатылуына байланысты Сенат төрағасының жаңа орынбасары сайланды. Бұл лауазымды таяуда, 13 тамызда Президент Жарлығымен сенатор болып тағайындалған Асқар Шәкіров иеленді.
Бұдан бөлек, сенаторлар Ата заңмен берілген өз құзыры аясында жаңа омбудсменді сайлады. Енді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – Эльвира Әзімова болады.
Мұның сыртында Сенаттың тұрақты комитеттерінің жаңа төрағалары анықталды. Атап айтқанда, палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы ретінде Владимир Волков, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына – Мұхтар Құл-Мұхаммед, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болып Серік Жақсыбеков сайланды.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне бұдан былай Мұрат Бақтиярұлы жетекшілік етеді. Әли Бектаев Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болды. Қаржы және бюджет комитетінің тізгіні Ольга Перепечинаға тиді.
Сенат төрағасы Д.Назарбаева ел Президентінің Жарлығымен өкілеттіктері тоқтатылған бұрынғы сенаторлар Сергей Громов, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов, Рашид Түсіпбековтерге алғыс білдірді. Әрқайсысының жеке қасиеттеріне тоқталған палата басшысы олардың парламентаризмді дамытуға, сондай-ақ заң шығару үдерісін жетілдіруге қосқан үлестерін атап өтті.
Ерік ЕРДЕН