Еліміздің Парламенті V сессиясының жұмысын бастап, қос палата жаңа маусымдағы қызметіне кірісті. Бұл тұрғыда Парламент депутаттарына жүктелер міндеттің де салмағы айқындалғандай. Осы орайда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Кәрібай Мұсырманға хабарласып, пікірін білген едік.
– Кәрібай Иманжанұлы, ең алдымен, жаңа маусымдағы жұмыстарыңызға сәттілік дейміз. Таяуда өткен Nur Оtan партиясы Саяси кеңесінде халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріне көшу керегі баса айтылды. Дәл осы мәселеге қатысты ойыңызды білсек деп едік.
– Партиямыздың Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған партиялық жұмысты жаңғырту бағдарламасына сәйкес қазіргі кезде халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізудің, жемқорлықпен күресті күшейтудің және қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың маңызы айрықша деп ойлаймын.
Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары – Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері тоқсан сайын ел өңірлерін аралағанымызда республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті жерлердің өзінде шешімін табуға болатын өзекті мәселелер барлығын анықтап, өз тарапымыздан шара қолданып жүрміз. Мысал үшін, былтыр Қарағанды облысының шалғайдағы Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде болғанымызда жергілікті тұрғындар сондағы дәрігерлік амбулаторияға тиесілі «Жедел жәрдем» көлігінің ескілігінен машақат шегіп жүргендерін айтып шағынған еді. Сайлаушыларымыздың осы аманатын мен партиямыздың Қарағанды облыстық филиалының төрағасы – облыс әкімімен болған кездесуімізде оған құлаққағыс еттік.
Ерлан Қошанов бірден шара қолданып, көп ұзамай ақжалдықтарға науқастарды тасымалдауға қолайлы жаңа реанимобиль алып бергізді. Ал Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған жерінде болғанымызда осы елдімекеннен шыққан астаналық кәсіпкердің жерлестері үшін күрес залын салып бергісі келгенімен, қажетті жер учаскесін ала алмай, тауы шағылғанын білдік. Осы жөнінде Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы – облыс әкімі Асқар Мырзахметовке хат жазуыма тура келді. Ол да мәселені жедел шешіп берді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының ең шалғай елдімекені Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылында болғанымызда іргесі сөгілмей, өркендеп өсіп отырған елдімекеннің келешегі бар елдімекендер тізіміне енгізілмей қалғанын естідік. Қулыкөлдіктердің аманатын іле партиямыздың облыстық филиалының төрағасы – облыс әкіміне жеткіздім. Құмар Ақсақалов Қулыкөлде биылғы көктемгі су тасқыны кезінде үш күн бойы болған екен. Ол тұрғындары еңбекқор ауылдың болашағы жарқын екенін айтып, мәселені оңынан шешетінін айтты. Міне, осындай мысалдар партиямыздың өңірлік ұйымдары науқаншылдықтан арылып, халықпен нақты жұмыс істеуі қажетін көрсетеді.
Әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу үшін қоғамымызға батпандап кіріп, мысқалдап шығып жатқан қауіпті дерт – сыбайлас жемқорлықпен күресте де партиямыздың рөлін арттыру қажеті сөзсіз. Бұл ретте партия Төрағасы – Елбасының мемлекеттік сатып алу саласында белең алған былық-шылықты тыю үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және жоғары оқу орындарындағы парақорлықты болдырмауға бағытталған пәрменді шараларды қолдану жөніндегі тапсырмаларының қоғамымызды сауықтыруға тигізер ықпалы зор болмақ. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа ұрынған бірінші басшылардың қызметін доғару жөнінде өтініш беруге тиіс екені жөнінде қатаң талап қойып отырғаны да «шелек жалағандардың тұтылып, айран ішкендердің құтылуы» секілді келеңсіз құбылыстың тамырына балта шабады деп сенемін.
Әрине, әлі де ойланарлық мәселелер бар. Бертінде бір таныс адамымның шетелде білім алып келген кәсіпкер баласы бір аудан әкімінің орынбасарына жолығып, өзі шығаратын тауарларды 25 жылға дейін пайдалануға болатынын айтыпты. Ал әлгі шенеунік: «Айналайын, сонда мен ширек ғасыр бойы тендер өткізбей, бала-шағамды қалай асыраймын?!.» деп шорт кесіпті. Бұл мысал еліміздегі жемқорлықтың қаншалықты белең алып кеткенін көрсетеді, сондай-ақ «медальдің» екінші жағы барын да аңғартады. Сондықтан да шенеуніктердің санын қысқартып, қызметінде қалғандарының жалақысын арттыру жөніндегі бастаманы одан ары жалғастыру керек. Осы орайда бірқатар министрліктердің облыстардағы департаменттерін тарататын кез де жеткен тәрізді. Өйткені олар облыстық әкімдіктердің басқармаларының функцияларын қайталайды.
Елбасының атап көрсеткеніндей, партиямыздың ақпараттық-идеологиялық жұмысының қарқынын барынша күшейту қажет. Өйткені алыстағы ауылдар түгіл елорданың өзінде де көптеген тұрғындар аз қамтамасыз етілген адамдарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер мен қамқорлық жайлы ақпараттан бейхабар екеніне көзіміз жетті. Осы орайда мен жуырда еліміздегі мемлекеттік телеарналар мен мемлекеттік тапсырыс алатын телеарналардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен басқа да мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауы сын көтермейтіні жайлы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне депутаттық сауал да жолдаған болатынмын...
– Елбасы, Nur Оtan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңес отырысында өңірлердегі адамдармен жұмысты күшейтуді тапсырды. «Бастауыш ұйымдар» партияластардың тығыз қарым-қатынас жасайтын орнына айналуы тиіс екенін айтты. Өңірлердегі мәселелерді тез әрі тиімді шешуде жұмыс қалай жүруі керек деп білесіз?
– Осыған дейін өңірде ұзақ уақыт қызмет еткеніме және бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты болғаныма байланысты жергілікті жерлердегі жағдайды бір кісідей білемін. Партиямыздың облыстық филиалдарының жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы өте маңызды дер едім. Оған кейде адамдар әділдік іздеп жүгінетін ақтық инстанция ретінде соңғы үмітін арқалап келіп жатады. Осы жұмысты одан ары жандандыра түсу керек деп ойлаймын. Бұл ретте партиямыздың Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы басшылығының адамдардың Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келуін күтіп отырмай, мұндай қабылдауды жергілікті жерлерге барып өткізу жөніндегі бастамасын құптауға болады. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың жанындағы фракцияларымыздың жұмысын жандандыру қажет. Себебі, өз округтеріндегі сайлаушылармен кездесуден қашқақтап тұратын, белсенділігі төмен депутаттар да бар екені жасырын емес.
Партиямыздың жұмысын түбегейлі жаңғырту мақсатында бастауыш ұйымдарымыздың рөлін барынша арттыру қажет. Олардың төрағалығына жергілікті әкімдердің және кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына «ыңғайлы», «қой аузынан шөп алмайтын» адамдарды емес, ел-жұртқа сыйлы, өзіндік ой-пікірі, нық азаматтық ұстанымы бар, белсенді нұротандықтарды сайлаған жөн. Олар партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарымен тығыз байланыста болса құба-құп. Сонда өңірлерде туындаған өзекті мәселелердің шешімі де тезірек табылары анық.
– Саяси кеңесте Nur Оtan партиясы мұғалімдер мен дәрігерлердің, жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғауды жалғастыруы керек делінді. Осы бағытта атқарушы билік пен партия қызметінің үндесе жұмыс істеуі үшін қандай қадамдар жасалғаны жөн?
– Бұл ретте әуелі Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқан жөн. Сондай-ақ жаңадан сайланған Президентіміз қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде дәрігерлер мәртебесі туралы да заң қабылдау қажетін айтқан болатын. Осының бәрі мұғалімдер мен дәрігерлердің құқықтық және әлеуметтік жағдайларын жақсартып, олардың қоғамдағы орны мен беделін көтеретіні шүбәсіз. Әлбетте, жұмысшылардың да құқықтары мен мүдделерін қорғауды жақсарта түсу – бүгінгі уақыт талабы. Осы орайда жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ІІІ санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квотаны азайту және ІV санаттағы шетелдік жұмыс күшін әкелуге толық тыйым салу жөніндегі шешімін игі бастама деп санаймын. Бұл өзекті мәселе партиямыздың өңірлік филиалдарының ұдайы назарында болуға тиісті. Ал біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары – Nur Оtan партиясы фракциясының мүшелері, алдағы қызметімізде қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын заңнамалық тұрғыдан қорғауды жетілдіруге күш салатын боламыз.
Әңгімелескен
Бауыржан БАЗАРҰЛЫ