1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылында 140 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Білім күніне орай ашылған оқу ордасының Алғашқы қоңырау салтанатты шарасына аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен сәттілік тіледі.
Бірлесу-Еңбек орта мектебі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтеріп отыр. Жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар. Биыл мектепте барлығы 250 оқушы 2 ауысымда оқитын болады. Онда 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы – жас мамандар.
Жалпы, биыл жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастап отыр. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді десек, алғашқы қоңырау күні облыс бойынша 5 мектептің пайдалануға беріліп отырғаны – соның айғағы. Оның 1-еуі үш ауысымды, 1-еуі апатты және 3-еуі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешті. Қазіргі таңда өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселе түйіні толығымен тарқатылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы да 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ол мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде.
Жамбыл облысы