Қанша оқушы «қашықтатылды»?
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2020-2021 жаңа оқу жылында 2,6 миллион оқушы (немесе 79%-ы) қашықтан оқытылады. Кезекші сыныптарда 530 мың шәкірт немесе 17%-ы білім алмақ. Бұған қоса, тұрғындарының саны аз немесе шалғайда орналасқан ауылдарда ондаған оқушысы ғана қалған шағын мектептер дәстүрлі оқуын жалғастырады: еліміз бойынша осындай шағын жинақты білім ордаларында 157 мыңнан астам оқушы (4%-ы) бар. Жалпы, жаңа оқу жылында Қазақстанда 7 мың 391 мектеп әртүрлі форматта 3,3 миллиондай баланы оқытуы керек. – Биыл 1 қыркүйекте оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Эпидемиологиялық ахуалы жақсы болса, онда шалғайдағы елді мекендерде шағын жинақты мектептер бұрынғыша, дәстүрлі түрде оқытуын жалғастырады. Ата-аналар өтініш білдірсе, қалаларда бастауыш сынып оқушылары үшін қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Кезекші сыныпқа өтініш электронды форматта, сынып жетекшісі арқылы қабылданады, – деп хабарлады министрлік. Халық «продленка» деп атайтын қосымша білім беру ұйымдары да ашылады: олардың репетиторлары мен педагогтері ата-аналардың өтініші бойынша балаларды не онлайн режимде немесе жеке отырып, сабаққа дайындай алады. Топпен өткізсе, онда 5 оқушыдан көп жинауға тыйым салынады. Арнайы білім беру ұйымдары да есігін аша алады: ата-аналардың таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдауы ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.Құлқы бар, құралы жоқ
Қашықтан оқытылатын 2,6 миллион оқушының үлкен бөлігі соған қажетті жабдықтарға мұқтаж екені белгілі болды. Өткен аптада Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің «аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалануы үшін шамамен 500 мың компьютер беретінін» мәлімдеді. Ескере кетер жайт, кезекші сыныптарға тек бастауыш мектеп шәкірттері ғана бара алады. Ал одан ересектері тегіс үйінде қалып, қайтадан теледидарға телміруге мәжбүр болады. Онлайн оқуға құлқы бар, бірақ құралы жоқ жас ұрпақ өкілдері өңірлер түгіл, астанада да жетерлік. – Мектептерде білім беру ары қарай қашықтан оқыту режимінде өтетінін ескере отырып, елордада әлеуметтік осал отбасылардағы оқушыларды ноутбуктармен, роутерлермен қамтамасыз етуге 6 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінді. Нәтижесінде, осы санаттағы барлық баланы, яғни аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі балаларды, жетімдерді, көп балалы отбасыларды компьютермен, роутермен жабдықтап шығамыз. Жалпы алғанда, аталған игілікке 34,5 мыңдай бала қол жеткізуі тиіс, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. Алматылық оқушыларға 53 мың планшет пен ноутбук табысталмақ. Биыл тексеру жүргізу барысында мектептердегі көптеген компьютердің тым ескіріп қалғаны әшкереленіпті. Содан оларды жаппай жаңарту туралы шешім қабылданған. Бүгінде білім ордаларына жаңа компьютерлік техника жеткізілді. Тіркеуге алып болған соң, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осылайша, еліміздің ең үлкен мегаполисі компьютер тапшылығына қатысты түйткілдің түйінін тарқатпақ. Өзге өңірлер де төл бюджеттері мен мүмкіндіктеріне қарай зәру отбасыларды компьютерлік техникамен қамтуға тырысуда. Дегенмен кейбір елді мекеннің оны тегін бере алмағаны, тек бағасын арзандатқаны туралы хабар бар. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке Facebook арқылы қайырылған Ақтау қаласының тұрғыны Ләззат Тілегенова осы жайында айтады: «Министр мырза, күні кеше көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ноутбукті тегін беретініңізді айтқан едіңіз. Енді сол сөзіңіз қайда қалды? Міне, мектептен апайымыз хабарласты: «90 мың теңгеден ноутбук бар», – дейді. Әкімдік соны мұқтаждарға төмен бағамен ұсыныңдар депті. Сонда бұл қалай болғаны? Кезекті көзбояушылық па?» – дейді ана.Мемгранттар қайта бағдарлануда
Билік бұл салаға барлық тарапты жұмылдыруға тырысуда. Мәселен, кейбір өңір демеушілерді, жомарт жандарды, бизнесмендерді қалталарынан ақша шығарып, жасөскіндер үйінде білім алуы үшін оларға ноутбук және интернет-топтама сыйлауға шақырды.Онлайн білім: үрейге не себеп?
Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылының І тоқсаны толығымен қашықтан оқыту форматында өтетінін мәлімдеді. Әйткенмен, бұл жоспар өзгеруі мүмкін. «Елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсаруына қарай мектептерді бұрынғыдай дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңмен көшіру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде штаттық оқыту режиміне 1-4 сынып оқушылары ауыстырылады. Мектептерде санитарлық қауіпсіздік шаралары, атап айтқанда термометрия, дезинфекциялық тоннелдер, сыныптардың әртүрлі уақытта үзіліске шығуы барынша сақталады», – деді өз блогында ата-аналар сұрағына жауап берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Алайда әлемде пандемия аяқталғанымен, онлайн оқыту ары қарай өрістей бермек. Өткен аптадағы Үкімет отырысында БҒМ-ге оқушылардың онлайн режимдегі оқуының бүкіл әдістемесін пысықтау, мұғалімдерді соған үйрету, интернет-платформаларды қажетті мазмұн-контентпен толтыру жүктелді. Елімізде бұдан былай орта білім беру саласына ұсынылатын барлық кітаптар мен оқулықтардың электронды нұсқасы болуы және олар интернетте ашық орналастырылуы тиіс. Негізі, дүниежүзінде қашықтан білім беру форматына көшірілуі адамзаттың бір бөлігін алаңдатып отыр. Бұған АҚШ-тың Нью-Йорк, Нью-Гэмпшир, Индиана, Канзас секілді штаттарында оқушылар, ата-аналар және педагогтердің наразылық акциясына шығуы дәлел. Америкада бүгінде кремний алқабының өнімі – Summit Learning инновациялық онлайн білім беру жобасы енгізілуде. Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг пен оның жұбайы Присцилла Чан қаржыландырып жатқан SL – жаппай орта және қосымша білім беруге маманданған тегін платформа. Бастапқыда ол Калифорния мен Вашингтондағы 11 мектепте сыналған. Елдің пандемиядан қатты зардап шегуі бұл жобаға соны серпін беріпті. Қазіргі кезде жүйе АҚШ-тың 40 штатындағы 380-нен астам мектепті, 55 мыңдай оқушыны қамтиды.Қашықтан оқыту компьютерге тәуелді ете ме?
Жобаның қарсыластары біріншіден, Summit Learning дәстүрлі оқуды толық ысырып шығаруды мақсат тұтатынын алға тартады. Онлайн білім беруге жаппай көшу аясында, әсіресе шағын қалалар мен шалғай деревняларда дәстүрлі мектептерді қаржыландыру азайды. Екіншіден, бұл интернет-тұғырнама барша Америка үшін ортақ жүйеге айналудан үмітті. Ал оның бағдарламалық қамтылымын тек Facebook әзірлеушілері жасайды. Сала монополияландырылған. Үшіншіден, SL «персоналдандырылған оқыту жүйесі» саналады, яғни ол әр шәкірттің білім деңгейін ескеріп, төл оқу бағдарламасын құрып береді. Басқаша айтқанда, бүгінгі баланың – болашақ азаматтың қабілет-қарымын, кесір-кемшілігін, осал тұсын түбегейлі зерттеп, психологиялық бейнесін түзіп, жан-жақты досье жинайды. Кейін ондай егжей-тегжейлі деректердің не мақсатта қолданылатыны белгісіз әрі үрей тудырады. Төртіншіден, қашықтан оқыту жас ұрпақты компьютерге тәуелді етеді. 2018 жылғы қарашада Бруклиндегі Журналистика орта мектебінің шәкірттері наразылық акциясын ұйымдастырып, Цукербергке хат жазды және Summit Learning бағдарламасын өзгертуді талап етті: «Тұғырнама сағаттар бойы компьютерден бас алмай, телміріп отыруды талап етеді. Бағдарлама мектеп бітіру емтихандарына дайындалуға септеспейді. Ең бастысы, ол адамдардың – оқушылар мен мұғалімдердің өзара қарым-қатынас жасап, білімімен бөлісуін, күрделі тақырыптарды қызықты талқыға салуын, пікір таластыруын қарастырмайды. Онсыз сыни ойлауды қалыптастыру мүмкін емес», – дейді жас журналистер. Олар бағдарлама операторы барлық сұраққа жауап беруді табанды талап етіп, дербес деректерді жинақтайтынына алаңдайды. SL тіпті әр оқушының қандай дертпен ауырғанын, қандай жынысқа, нәсілге, этносқа, дінге жататынын, әлеуметтік және экономикалық мәртебесін білетін болып шықты. Таяуда аталған тұғырнама кем дегенде 19 корпорациямен дерек алмасатыны жария етілді. Қалай болғанда, қашықтан оқыту халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде қазақстандықтардың өміріне дендей енетінге ұқсайды. Соның барысында қаншама жаңа мәселе бой көтеруі әбден мүмкін. Мемлекет оны халықтың сын-пікіріне құлақ асып шешсе, игі.Елдос СЕНБАЙ