Арнайы тұжырымдама дайындалды

Арнайы тұжырымдама дайындалды

Түркістанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыруға арналған жиын өтті. Алқалы жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдауда айқындалған бағыттарға тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ жиын барысында белгілі болғандай, Nur Оtan партиясының облыстық филиалы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды қолға алмақ.

Облыстағы барлық сала өкілі мен жауапты мекемелердің бас­шылары төрт көзі түгел жинал­ған актив жиынында сөз алған Өмірзақ Естайұлы Президент Жолдауында айқындалған бағыттар еліміздің эконо­ми­калық өсімін жеделдетіп, ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ Жолдаудан туындайтын барлық тапсырма мен міндеттерді және көтеріл­ген мәселелерді нақты әрі уақ­тылы орындау керегін айта келе: «Көптеген арыз-шағымды оңтайлы шешуде «Азаматтар өтініштерін бақылау» бөлімін құруды тапсырамын. Аталған бөлім барлық деңгейдегі арыз-шағымдардың мерзімінде жа­уап берілуіне бақылау жасайды. Халықпен байланысты нығай­туда қоғамдық бақылау және пар­тия белсенділері мен шенеу­нік­терді бағалау тетігін ұйым­дастыра білуіміз керек», – деді.

Жиын барысында белгілі болғаны, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнер­кәсіп түрлері кеңінен да­мыған. Экспорттық потенциал өте жоғары. Аталған нысандар­дың өнімдері Kazakh Invest, Kazakh Tourizm мекемелері ұйымдастыратын халықаралық көрмелерге тұрақты қатысуын облыс басшысы тиісті сала басшыларына жүктеді.

Сонымен қатар облыс әкімі жиында «Елбасы тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасы облыста қарқынды жүзеге асып жатқанына тоқталды.

«Биыл Түркістан облысында 7 елдімекеннің мәселесін ше­шу­ге 4 млрд теңге жұмсалды. Нә­тижесінде, 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мә­дениет нысандары жөндеу­ден өтетін болады. Жоба аясын­да 2020 жылға 15 елдімекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд теңге бағыттау жоспар­лану­да», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі об­лыс­тағы кезек күттірмейтін тағы бір мәселе – атаулы әлеу­меттік көмек мәселесін атап өт­ті. Атал­ған бағдарламаны цифр­лан­дырып, атаулы көмек алушылар базасын жасақтауды тапсырды.

Актив отырысында мәсли­хат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым, қоғамдық ұйым төрағалары жарыс сөзге шығып, Жолдауда аталған міндеттерді айтып, пікірлерімен бөлісті.

Өмірзақ Естайұлы қала, аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшыларына тұрғындар арасында кең ауқым­ды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеп, өздеріне жүктелген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға тапсырма берді. Жолдауда атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, облыстың әлеумет­тік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамта­ма­сыз етуге, облыс тұрғындарын Жолдауды қолдауға шақырды.

Актив отырысы барысында Өмірзақ Шөкеевтен соң сөз ал­ған Nur Otan партиясы Түркіс­тан облыстық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Бей­сен Тәжібаев жергілікті атқа­рушы органдардағы партия мү­шелеріне мәселені жасыр­ған­нан гөрі жедел шешкен тиімді екенін айтты.

«Бүгінде облыста әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрғын үй және жұмысқа орналасу мә­се­ле­лері өте өзекті. Партия фи­лиалы бірінші кезекте осы ба­ғыттағы проб­лемаларды жүйелі түрде ше­шу үшін жергілікті әкім­дік­тер­­мен, тиісті басқар­ма­лармен жос­пар түзіп, жүргізетін болады. Пре­зиденттің Жолдау­да айтқан барлық елдің өтініш-тілектерін тиімді қарастыратын «Халық үні­не құлақ асатын мем­лекет» тұ­жырымдамасын іске асыру үшін екі бағытта жұ­мыс жүргі­зе­міз», – деп атап өтті Бейсен Тәжібаев.

Айта кетейік, Түркістан об­лысы бойынша Президенттің Жолдауда айтқан халықтың өтініш-тілектерін тиімді қарас­тыратын тұжырымдаманы іске асыру екі бағытта жүргізілмек. Ең алдымен, партия филиа­лы­ның Қоғамдық қабылдау кеңсесі Түркістан қаласындағы халық ең жиі шоғырланған Алматы арбатындағы ғимаратта Open space форматына көшсе, екін­ші­ден барлық лауазым иелерінің қабылдауларын әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы жүргізу қолға алынбақ.

 

Түркістан облысы