Jastar – Otanga! республикалық жастар саяси лагерінің қатысушылары «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында бас қосты. Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының мұрындық болуымен ұйымдастырылатын шара биыл да жалғасын тапты. Еліміздің әр түкпірінен келген, сантүрлі саланың тізгінін ұстаған 170-ке жуық жас лагерде тәжірибе алмасып, білімін жетілдіруде.
Салтанатты шарада Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек сөз сөйлеп, жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын зор ықыласпен қабылдағанын айтты. Ол сөз соңында Jastar – Otanga! республикалық жастар саяси лагерінің қатысушыларына сәтті демалыс тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасында жастарға ерекше көңіл бөлгені бәрімізге белгілі. Әсіресе, партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл еліміздің барлық жастарын бір серпілтіп, олардың бойына жігер сыйлады. Jastar – Otanga! саяси лагерінің негізгі мақсаты – жастар саяси резервін құру, белсенді жастарды қолдау, ел келешегін дәріптеу екенін айта кеткен жөн. Лагерьдегі әсерге толы күндер жастарға жаңа күш-қуат беріп, болашаққа қойған мақсаттарын, жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы орайда лагерь жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, білімін шыңдап, олардың бір-бірімен байланыс орнатуына себепкер болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл алаң жаңа идеялар мен жобалардың тууына ерекше жағдай жасайды, – деді Дәулет Кәрібек.
Бір аптаға созылатын шара барысында жастар білікті, тәжірибелі бапкерлердің дәрісін тыңдап, білімін шыңдайды. Саяси менеджмент, жобаларды ұйымдастыру секілді тақырыптарға түрлі тренингтерге, семинарларға, тренд сессияларға, уоркшоптарға қатысады. Сондай-ақ Қайрат Құдайберген, Ларион Лян секілді еліміздің өнер, спорт және бизнес саласында жетістікке жеткен танымал тұлғалармен кездесіп, сұрақ қоя алады. Jastar – Otanga! республикалық жастар саяси лагерінің қатысушылары шара аясында тәжірибе алмасып қана қоймай, тауға серуендеу, кинокеші, алау жанындағы кездесулер, спорттық жарыстар, зияткерлік квест секілді қызықты іс-шараларға қатысады. Айтулы шарада Abdr, Мирас Жүгінісов, Canyekyey және Salem Stand Up Show резиденттері жастарға музыкалық кеш сыйлайды.
Лагерь аясында Jas Otan Жастар қанатының Орталық кеңес отырысы өтеді. Кеңестің сайланған мүшелері мен өңір төрағалары ауыл жастарына арналған әлеуметтік лифт, жергілікті жерлерде жастар мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, еліміздің оқу орындарында сыбайлас жемқорлықты жою тетіктері сынды тақырыптарды талқылайды. Сонымен қатар 7 қыркүйекте Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек лагерьде жастармен кездесу өткізеді деп жоспарлануда.