Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында Nur Otan парламенттік фракциясының депутаттары республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды аптасына екі рет жеке қабылдайтын болды.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев партияның күнделікті жұмысын түбегейлі қайта құруды, сондай-ақ Мәжілістегі парламенттік фракцияның жұмысын күшейтуді тапсырды. Азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру қажеттігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткен болатын.
Nur Otan партиясының атынан сайланған халық қалаулылары ел тұрғындарымен Мәжілістің бүкіл сессиясы барысында кездеседі. Депутатқа сұрағын немесе өтініш-тілегін жолдау үшін өзге өңірлердің тұрғындарына республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келу міндетті емес. Ол үшін Nur Otan партиясының кез келген аймақтық филиалына келіп, сол жерден бейнебайланыс арқылы сауал жолдай алады.
Мәжіліс депутаттары – Nur Otan партиясы фракциясы мүшелері бөлмесінде 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың маусымы аралығында республикалық қоғамдық қабылдау өткізеді. Азаматтарды қабылдау кестесін Nur Otan партиясының сайтынан көруге болады.