Шымкенттегі Абай атындағы орталық кітапханада Nur Otan партиясының қолдауымен білім орталығы ашылды. Жаңа орталықтың тұсауын Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаев кесті.
– Жаңа кеңседе оқырманның алаңсыз кітап оқуына барлық жағдай жасалған. Бастысы, бұл жерде баспадан шыққан кітаптарды, олардың электронды түрін де оқи аласыз. Келешекте аталған орын оқырманның ең жиі бас сұғатын жеріне айналатынына сенемін, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Орталық кітапхананың негізі 1964 жылы қаланған. Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, №23 кітапхана бөлімшелері оқырманға қызмет көрсетеді. Айта кетейік, Шымкентте мұндай білім орталығы осымен үшінші кітапханада ашылып отыр.
– Бұл орталықтың мақсаты – жастарға мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыра отырып, олардың білімін шыңдау, әдебиетке деген көзқарасын қалыптастыру, жаңа заманауи жаңалықтармен дер кезінде таныстырып отыру, интеллектуалды орта құру. Қазіргі жастар өзіне қажетті мәліметтің барлығын осы жерге келіп ала алады. Мұнда көпшіліктің сұранысына байланысты мотивациялық мақсаттағы кітаптар көрмеге қойылған. Қажетті ақпаратты алуы үшін компьютермен, интернетпен жабдықталған. Бұл бастама Nur Otan партиясының қолдауы арқылы жүзеге асырылып отыр, – дейді кітапхана әдіскері Гүлжан Садық.
Белгілі қаламгер Байдулла Қонысбек өзінің құттықтау сөзінде кітапханада шаң басып жатпайтын, қолдан қолға тимейтін кітаптың көп болуын және оқырманның үзілмеуін тіледі. Жиында ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына – кітапты оқудың мәні ешқашан жойылмайтыны айтылып, жастарды кітап оқуға баулудың маңызы талқыланды.