Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» дәстүрлі байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
Салтанатты рәсімге партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова қатысты.
Биыл жетінші рет өткізіліп отырған байқауға облыстың әр өңірінен 20 жоба ұсынылды. Оның ішінде өңірлік кезеңдерден кейін байқау комиссиясының шешімімен 15 жоба іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтаған Ғалым Бекмағамбетов байқауға қатысқан барлық жоба авторы жеңіске лайық екенін айтып, мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл байқау әлеуметтік салада белсенділігімен көзге түскен қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік береді, – деді Ғалым Бекмағамбетов.
Кездесуде облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова іс-шараның қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыру жолында игі дәстүрге айналғанын айтты.
Байқау қорытындысы бойынша «Анти дәмхана» жобасын ұсынған көкшетаулық Анар Батырәлиева мен «Шебер ана» жобасының авторы целиноградтық Айгүл Рақымова жүлделі үшінші орынға ие болды. Екінші орынға «Әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамыту» жобасының авторы көкшетаулық Қалымтай Шерьязданов пен «Түзету мекемесінен жазасын өтеп шыққан азаматтарды «Киім тігу» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа тарту» жобасының авторы ерейментаулық кәсіпкер Равиль Хуснутдинов лайық деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Вера в добро» жобасының авторы көкшетаулық Татьяна Спиглазова жеңіп алды. Жеңімпаз 1 миллион теңгенің сертификаты мен байқаудың республикалық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, байқауда белсенділік танытқандар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.