Бейбіт күнде әркім-ақ батыл. Ал ердің сыны, елдіктің мәні ел басына қиындық түскенде анықталады. Әскери қойманың өртке орануы салдарынан айдың-күннің аманында Арыс қаласы бомбалаудың астында қалғанда халыққа көмекке келген ерлер қандай құрметке де лайық. Осы орайда ел Президенті Арыстағы төтенше жағдай кезінде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттады.
Мемлекет басшысы 24 маусымда Арыс қаласында орын алған оқыс оқиға кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерен еңбегімен, жүрекжұтқан батылдығымен танылған азаматтарға мемлекеттік наградаларды өз қолымен табыс етті.
Ақордадағы салтанатты жиында 40 адам наградталды.
Марапат иелеріне қайырылған Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан барша қазақстандықтарға ризашылық білдірді.
Президент 24 маусым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалатынын ескертіп, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түспегеніне тоқталды.
– Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек! – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев қазіргі уақытта нысандардың 97 пайызының қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, ең алдымен көпбалалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілгенін хабарлады.
1 қыркүйек күні 16 мектеп 12 мың жергілікті оқушыны қабылдады, оның 2,5 мыңы – бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер.
Қазақстан Президенті сөз соңында Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.
– Бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал осы салтанатқа келе алмағандардың бәрі орден, медальдармен марапатталатын болады, – деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.
Елдос СЕНБАЙ