Бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» командасы «Динамо Брест» командасымен кездеседі. 18-тамыз күні өтетін ойынның әзірге қай қалада өтетіні белгісіз. Сондай-ақ бұл кезеңде қарымта кездесу болмайды. Егер «Астана» екінші кезеңге өтсе «Коннас-Ки» (Уэльс) / «Сараево» (Босния және Герцеговина) жұбының жеңімпазымен жолығады. Ал екінші іріктеу кезеңі 25-26 -тамыз күндері өтеді.
Барлық футбол мамандары «Астана» командасының келесі айналымға өтетініне сеніммен қарап отыр. Алайда қазақстандық команданың 5 ай бойы ресми ойын өткізбегенін ескерсек, бұл матчта ішкі чемпионаттарында 19 ойын өткізген «Динамо Бресттің» де жеңістен үміті зор. Оның үстіне, команда құрамы да тәжірибелі ойыншылармен жасақталған. Бірақ елордалық клубтың еурокубоктық ойындардағы мол тәжірибесі «Астана» командасына сәттілік сыйлайды деген үміттеміз. Не де болса, бұл матч тартысқа толы болғалы тұр.
Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде еліміздің атынан сынға түсетін қос командамыздың да қарсыластары белгілі. Алматылық «Қайрат» армениялық «Ноа» командасымен, ал шымкенттік «Ордабасы» румыниялық «Ботошани» клубымен кездеседі. Бір жақсысы, алғашқы айналымда бақ сынайтын командаларымыз өз алаңында ойнайды. Кездесулер 27-тамызда өтеді деп жоспарланған. Ал қызылордалық «Қайсар» командасы еурокубоктық бәсекедегі жолын екінші іріктеу кезеңінен бастайды.
Алматылық «Қайрат» армениялық «Ноа» командасымен, ал шымкенттік «Ордабасы» румыниялық «Ботошани» клубымен кездеседі. Бір жақсысы, алғашқы айналымда бақ сынайтын командаларымыз өз алаңында ойнайды.
«Ордабасының» қарсыласы «Ботошани» командасының Еурокубоктардағы тәжірибесі аса бай емес. Бұған дейін бір мәрте ғана Еуропа лигасының іріктеуіне қатысқан команданы жеңуге мүмкіндігіміз жоғары. Оның үстіне, өз алаңымызда ойнаймыз. – Қағаз жүзінде «Ордабасы» – «Ботошани» жұбының фавориті қазақстандық команда. Әсіресе ойыншылардың трансферлік бағасы тұрғысынан шымкенттіктер алда тұр. «Ботошани» ойыншыларының трансфер нарығындағы жалпы бағасы 9,5 млн еуро болса, «Ордабасы» ойыншыларыныкі – 12,4 млн еуро. Шымкенттіктер Еуропа лигасының іріктеуіне алтыншы рет қатысқалы отыр. Бірақ іс жүзінде «Ордабасыны» бұл жұптың фавориті деп айту қиын. Кахабер Цхададзе шәкірттері 2019 жылдың қараша айынан бері төрт-ақ ресми кездесу өткізді. Оның өзінде бір рет қана жеңіске жетті. Премьер лигада «Тараз» бен «Шахтерден» жеңілді. «Шахтермен» өткен ойыннан бері де бір жарым айға жуық уақыт өтті. Чемпионаттың қашан басталатыны әлі анық емес. Оның үстіне, команданың шабуыл шебі ақсап тұр. Алдыңғы шепте бірнеше мықты легионер болғанымен, топырлатып гол соғатын шабуылшы табылмай тұр. Демек ойын тәжірибесі жоқ, шабуылшылары гол соғуға қырсыздау «Ордабасы» үшін «Ботошани» үлкен сынақ болайын деп тұр, – дейді спорт сарапшысы Қуанышхан Өмірхан. Ал Prosport.kz сайтының журналисі Фараби Әбдіхалық «Қайраттың» қарсыласы армениялық «Ноа» командасының мықты тұсын айтып өтті. Ол сондай-ақ әңгіме арасында Шпилевский шәкірттерінің Еуропа лигасының топтық кезеңде ойнауға қарым-қабілеттері жететінін тілге тиек етті.